Аллергия: Шымкенттік тұрғынның бүкіл терісі іріңдеп кетті

21 желтоқсан 2023 10:00 / Новости Казахстана

Шымкенттік дәрігерлер аллергияның ауыр түріне шалдыққан науқасты аман алып қалды, - деп хабарлайды Arbat.media

Шымкент №2 ауруханаға 54 жастағы науқас жеткізілді. Жағдайының ауырлығына байланысты дәрігерлер пациентті бірден жансақтау бөліміне жатқызған.

Науқас денесінің барлық жерінде іріңді бөртпелердің бар екенін айтып, денесі қызғанын, басы ауырып, айналатынына және құсатынына шағымданған. Әйелдің айтуынша осы белгілер 5 күн бойы мазасын алған.

«Науқас қазіргі халін тамақпен немесе шаң-тозаңмен байланыстырмайды. Бірақ, өз бетінше қытайлық дәрігердің қабылдауында болып, әртүрлі шөптік тұнбалар қабылдаған, жақпа майлар қолданған. Емінің төртінші күнінде жоғарыда айтылған шағымдар пайда болған. Келген кезде жағдайы өте ауыр, терісінің 90 пайызы зақымдалған болатын. Терісі күйік шалған секілді бөртіп қызарған, кей жерлерін іріңді бөртпе басқан. Беті, көзі, қолдары ісінген», – дейді емдеуші дәрігері Жанат Төлебайқызы.

Науқасқа жансақтау бөлімінде 2 апта бойы ем жасалды. 3 сеанс гемофильтрация арқылы қаны тазартылды. Ал, жағдайы қалыпқа түскен соң палатаға ауыстырылып, қабынуға және интоксикацияға қарсы десенсибилизация ем қабылдады. Нәтижесінде жағдайы жақсарып, терісі толық қалпына келді. Дертінен сауыққан науқасты медицина мамандары бүгін үйіне шығарып салды.

Серіктес жаңалықтары