«Алматы 2-Атырау» жолаушылар пойызы мәжбүрлі түрде тоқтады

21 желтоқсан 2023 9:12 / Новости Казахстана

Төтенше жағдайға байланысты Жамбыл облысының Қордай және Шу аудандарында пойыздардың қозғалысын үйлестіру үшін барлық қатысы бар қызметтер мен Көліктегі полиция департаменті басшылығының қатысуымен жедел штаб құрылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Қазақстан Теміржолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, Шымкент-Тараз және Шу-Отар теміржол учаскелерінде ауа райының нашарлауына байланысты пойыздар қозғалысы жылдамдығына шектеу енгізілді. Осыған байланысты 30-дан астам жолаушылар пойызы қозғалыс кестесінен артта қалды. Теміржолшылар тәулік бойы көліктің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде.

«Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кестені түзету үшін Астана-Алматы-Астана, Атырау-Алматы, Ақтөбе-Алматы, Алматы-Жезқазған бағыттары бойынша алты жолаушылар пойызының жүруі тоқтатылды.

Қарлы циклон өңірде электр энергиясымен жабдықтаудың үзілуіне себеп болды, соның салдарынан «Алматы 2 — Атырау» жолаушылар пойызы мәжбүрлі түрде тоқтады. Теміржолшылар электровозды тез арада тепловозға ауыстырды».

Ұлттық тасымалдаушы компания 10,8 мың жолаушыға тамақ ұйымдастырды (оның 5,7 мыңы — вагон-мейрамханалар мен вагон-барларда, 5,1 мыңнан астамы — Шу, Шымкент және Отар станцияларында).

Осы кезеңде теміржолшылар 11 мың текше метр қар шығарды.

«Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін билет кассалары тәулік бойы жұмыс істеді. 14-18 желтоқсан аралығында тоқтатылған пойыздарға 5 мыңнан астам билет қайтарылды», — деп толықтырды компаниядан.

Серіктес жаңалықтары