Ақмоланың тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланды
Ақмола облысының Бұланды ауданында бүгін 12 сәуір сағат 18:00-ден бастап төтенше жағдай жарияланды. Аудан әкімі Ардақ Смайылов су тасқынына байланысты жасаған үндеуінде өңірде төтенше жағдай жарияланғанын, сондай-ақ, табиғи апаттан келтірілген залалды жоюмен және азайтумен айналысатын комиссия құрылғанын атап өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Бүгінгі таңда зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсету үшін барлық үйлерді комиссия тексеріп, келген шығын көлемін есептейтін болады», — деді аудан әкімі Ардақ Смайылов.
Айтуынша, ауданда су тасқынын алдын алу үшін ауқымды жұмыс жүргізілген.
Қауіп төнген ауылдар азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша жедел іс-шараларды өткізуге жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ өңір ТЖД күш-құралдары тартылды.
Су басқан үйлердегі барлық тұрғындар эвакуацияланды.