Астана–Алматы және өзге 3 автожол биыл толық ашылады

24 қазан 2023 12:00 / Новости Казахстана

Жыл соңына дейін Астана–Алматы, Атырау– Астрахан, Ақтөбе–Қандыағаш және Талдықорған–Өскемен автожолдарында қозғалыс толық ашылады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаевтың өңірлерге сапары барысында белгілі болды.

Өткен демалыс күндері Марат Қарабаев Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында болып, маңызды көлік инфрақұрылымы нысандарын аралап көрді.

Көлік министрлігінің басшысы Ақтөбе облысының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Сонымен бірге Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайдың және Ақтөбе мен Қандыағаш теміржол вокзалдарының жұмысымен танысып, «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Қандыағаш-Мақат» автожолдарын жаңарту жұмыстарын бағамдап қайтты.

Сондай-ақ министр жолдарды қайта құру жобаларында көзделген 22 жаңа көпір мен жол өтпелерінің құрылысын тексеріп, мердігер ұйымдармен бірнеше жиналыс өткізді.

Жексенбіде ведомство басшысы Атырау облысының әкімшілік орталығын Каспий теңізінің порттарымен байланыстыратын «Орал-Каспий каналында» болып, Атырау қаласының темір жол бекетіне барды. Сонымен қатар «Атырау-Астрахан» автожолын жаңарту жұмыстарымен танысты.

Дүйсенбі күні министр күрделі жөндеуден өтіп жатқан Батыс Қазақстан облысындағы «Казталовка–Жәнібек–РФ шекарасы» және «Өнеге–Бисен–Сайқын» автожолдарын тексерді.

«Халық тарапынан бірнеше автожол жобасына қатысты алаңдаушылық туындап отыр. Олардың қатарында, Талдықорған – Өскемен, Астана – Алматы, Ақтөбе –Қандыағаш және Атырау –Астрахан жолдары бар. Биыл аталған автожолдардың бойында қозғалыс толық ашылатынын атап өткіп келеді. Келесі жылы бұл жобалар толығымен аяқталып, халық игілігіне пайдалануға беріледі», –деді министрлік басшысы.

Серіктес жаңалықтары