Астанада апатты үйлерден 4,7 мың адам көшіріледі

22 желтоқсан 2023 14:34 / Новости Казахстана

Астана қаласында апатты үйлерден 4 710 адамды көшіру жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

«Құрылыс саласы елорда экономикасының негізгі драйвері болып қала береді. Қазіргі уақытта 3,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар бойынша азаматтардың әртүрлі санаттары үшін 5200 пәтер беру туралы міндет қойдық», - деді елорда басшысы.

Әкімнің айтуынша, оның ішінде жетім балалар, көпбалалы аналар, әлеуметтік осал азаматтар, сонымен қатар жұмыс істейтін жастар бар.

«Қазір құжаттарды рәсімдеу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Келесі жылдың басында – қаңтар айында кезекте тұрғандар өз үйлеріне кіреді. Сонымен бірге Астанада реновация бағдарламасы бекітілді. 2029 жылға дейін 206 апатты үйден 4 710 тұрғынды көшіру жоспарланған. Бұл жұмыс басталып кетті. Биыл 400 пәтер осындай азаматтарға берілсе, келесі жылы – тағы 700 пәтер. Әрі қарай жылына 1 мың пәтерден беріледі деп жоспарлап отырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Серіктес жаңалықтары