Астанада Okadzaki мейрамханасында 37 адам уланып қалды

28 желтоқсан 2023 21:37 / Новости Казахстана

Елордада «Okadzaki» қоғамдық тамақтану нысандарының бірінде жаппай тағамнан улану жағдайы тіркелді. Бұл туралы Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бастапқыда әлеуметтік желілерде Okadzaki мейрамханасынан тамақтанып, уландық деген жазбалар жариялана бастады. Зардап шегушілердің бірі - Әмина Сұлтанғазы.

«Алғашқы екі күн қатты ауырдым және жаңажылдық іс-шараларға қатысқандықтан, вирус жұқтырған шығармын деп ойладым. Дене қызуы, әлсіздік, 5 күн тоқтамастан диарея болды. Жедел жәрдем қызметін шақырғанда, олар «инфекциялық улану» диагнозын қойды. Соның алдында «Okadzaki» мейрамханасына суши жеуге барғанбыз. Менімен бірге мейрамханаға барған тағы екі құрбымда улану белгілері байқалды. Біреуі жұқпалы аурулар орталығына барып қаралды. Ондағы дәрігерлер де тамақтан уланып түскен пациенттер көп екенін айтқан», - дейді Әмина Сұлтанғазы.

Бұл мәселе жөнінде Kazinform агенттігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сауал жолдады.

Okadzaki мейрамханасындағы улану жағдайы желтоқсанда орын алды, ол бойынша қазіргі уақытта эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Бүгінгі күні зардап шеккендердің саны 37 адамды құрады. Өтініш берушінің шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізілуде», - деп жазылған агенттік сауалына жіберілген жауапта.

Еске сала кетсек, 2022 жылы да «Okadzaki» қоғамдық тамақтандыру нысандарында 90-нан астам адам уланған еді. Аталған нысандарға қатысты полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады және сот 1 110 900 теңге көлемінде айыппұл салды. Бір объектінің қызметі тоқтатылды.

Оған қоса, санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы қаулылар, бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар, медициналық тексеруден өтпеген адамдарды, сондай-ақ бактерия тасығышы анықталған адамдарды шеттету туралы қаулылар шығарылды.

Департаменттің айтуынша, шағын және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болғандықтан «Окадзаки» қоғамдық тамақтандыру объектілері жоспарлы тәртіппен тексеруге жатпайды.

Жоспардан тыс тексерулер тек 2022 жылы екі нысанға қатысты улану бойынша жүргізілген. Бұл тексеруде объектілердің жобалық қуатының артуы, технологиялық процестердің ағынын сақтамау, пайдаланылатын тамақ және азық-түлік өнімдеріне құжаттардың болмауы, санитарлық-гигиеналық жағдайдың қанағаттанарлықсыз болуы, өндірістік бақылаудың болмауы, зертханалық жұмыстардың сәйкес емес нәтижелері анықталған.

«Қазір Okadzaki мейрамханасында жоспардан тыс тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ, Есіл ауданының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. Қылмыстық іс қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің болмауына байланысты тоқтатылған жағдайда, департамент 425-баптың 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасайды және шешім қабылдау үшін сотқа жолдайды», - дейді департамент.

Серіктес жаңалықтары