Атауы жаңарған ауылдар
Тәуелсіз ел атанғанымызға отыз жылдан асса да, осы күнге дейін Іле ауданына қарасты «Комсомол», «Чапаев» деген кеңестік кездегі атауларынан ажырамаған елді мекендердің барын біліп, таңданысымызды жасыра алмаған едік. Көптің көкейінде жүрген бұл мәселенің түйіні шешіліп, аталған ауылдардың жан жадыратар жаңа атауларға ие болғанына жалпақ жұрт қуанып жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Алматы облысында 60 әкімшілік аумақ, 3 103 құрамдас бөлік, 225 елді мекен, 8 мәдениет үйінің атауы тарихи тұлғалардың есімімен аталады. Қазіргі таңда тізімде көрсетілген 555 тұлғаның 352-сінің есімі ұлықталып отыр. Сондай-ақ облыс көлемінде әкімшілік-аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктердің 2011-і кісі есімімен, 1 712-сі жер-су атауымен, 1 616-сы дәстүрлі атаумен аталады. Өткен жылы Алматы облысында идеологиялық тұрғыда ескірген 425 көшені, 7 ауылдық округ пен 9 елді мекеннің атауын өзгерту жоспарға енгізілген.
«Жер-су атаулары – тарихымыздың айғағы. Өткеннің ізі сайрап жатқан жеріміз талай заманның жаңғырығын осы атаулар арқылы бізге жеткізгені анық. Бүгінде ата-бабамыздан қалған тарихи топонимикамызды қайта қалпына келтіру ісіне кірістік. Облыста да елді мекендердің аттарына байланысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруде, көше аттарын қазақыландыруда бірталай жұмыс атқарылып жатыр», деді Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Данияр Ахметов.
Осы жылдың басында Мемлекет басшысының Жарлығымен Іле ауданының аумағында жаңадан құрылған қаланы «Алатау» деп атау, сондай-ақ Кеген ауданы мен Шелек ауылындағы өнер мектептеріне мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің есімін беру туралы жағымды жаңалықтар жария болғаны белгілі.
«Алматы облысының төл тумасы, балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойын елімізде және халықаралық деңгейде атап өту басталып кетті. Осыған орай Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандары мен Қонаев қаласында саябақтар мен көшелерге, облыс орталығындағы әмбебап кітапханаға, мектептерге жазушы Бердібек Соқпақбаевтың есімін беру жұмыстары жалғасып келеді. Сол сияқты Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылындағы жаңадан ашылған спорт кешенін Жақсылық Үшкемпіровтің атымен атау жөнінде құжаттар дайындалып жатыр», деген басқарма басшысы Данияр Дүйсенбіұлы өңірде кеңес кезеңінен қалған атауларды қазақшалау мәселесі біртіндеп шешіле бастағанын атап айтты.
Солардың арасында Іле ауданына қарасты «Энергетический» ауылдық округін Өтеген батыр ауылдық округі, «КазЦИК» ауылдық округіне Асқар Тоқпановтың, «Покровка» ауылына Кенен Әзірбаевтың есімін беру, «Чапаев» ауылдық округін Байкент ауылдық округі және Байкент ауылы, «Междуреченск» ауылдық округін Ақсай ауылдық округі және Ақсай ауылы, ал «Комсомол» ауылын Жайнақ ауылы деп өзгерту туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылдық округінің «Қызыл Ту-4» ауылдық округін Жібек жолы ауылдық округі деп өзгерту мәселесі шешімін тапқан. Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылдық округін Жалағаш ауылдық округі, Жалағаш ауылы деп атау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар өңірдегі бірқатар оқу орнына Шоқан Уәлиханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейхан, Барлыбек Сырттанұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мәншүк Мәметова, Жақсылық Үшкемпірұлы сынды ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың есімдерін беру туралы ұсыныстар түскен.
Үкіметтің Қаулысымен бір кітапхана мен бірқатар білім беру ұйымына Әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев сынды тарихи тұлғалардың есімін, Ұйғыр ауданындағы Кетпен асуына қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың атын беру туралы мәселе қаралып жатқанын алға тартты.
Облыс орталығы Қонаев қаласына 2 ауылдық округ пен 13 елді мекен кіреді. Мұнда барлығы 446 көше бар. Осының ішінде идеологиялық тұрғыдан ескірген, өзгертуді қажет ететін 200 көше, бір ауылдық округ орналасқан. Алдағы уақытта осы бағытта да атқарылар көп жұмыс бары баяндалды.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Қыздархан Құрмашқызы елді мекендердің атауларын анықтауда ғылымның атқарар қызметі мен жекелеген атауларды жазу емлесі жайында көпті толғантып жүрген мәселелер барын ортаға салды. Ономастикалық атаулар халықтың, ұлттың рухани жады екені ерекше ескеріліп, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді.