Аягөзде өртенген үйден 4 баланың денесі табылды

26 қазан 2023 12:35 / Новости Казахстана

2023 жылғы 25 қазанда сағат 10:49-да Төтенше жағдайлар басқармасының күштері мен құралдарын жедел басқару орталығының пультіне Аягөз қаласында жеке үйлердің бірінде түтін шыққандығы туралы хабар келіп түсті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Оқиға орнына 6 адамнан тұратын құтқарушылар бригадасы жедел жетті, дейді Абай облысының әкімдігі

Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгеннен кейін бөлмелердің бірінде 20 шаршы метр аумақта жиһаздар мен жеке заттары жанғанын анықтады. Өрт сағат 11:10-да оқшауланып, 11.24-ге толық сөндірілді. Өрттің себебі анықталуда.

Оқиға орнынан төрт баланың денесі табылды.

Өлімнің себебі анықталуда. Тиісті сараптама тағайындалып, полиция тергеу жүргізуде.

Қазіргі уақытта отбасы мүшелеріне барлық қажетті көмек көрсетілуде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Аягөздегі өрт салдарынан 4 баланың қаза болуы жөнінде пікір білдірді.

«Қазіргі уақытта комиссия жұмыс жүргізіп жатыр. Балалардың әкесі жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейді, анасы азық-түлік алуға шығып кеткен. Балалар үйде жалғыз қалған. Негізі балаларды жалғыз қалдыруға болмайды. Бұған дейін Астанада, Жамбылда болған оқиғаға бәріміз куә болдық, қазір Аягөзде орын алды. Сондықтан қазіргі уақытта комиссия өз шешімдерін шығарады. Біздің тарапымыздан тек қана жәрдемдесу – психологиялық қолдау көрсету», - деді Еңбек миинстрі елордада «Өзгеріс дәуіріндегі еңбек нарығы» атты халықаралық конференция кулуарында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев оқиғаның тексеріліп жатқанын, мұнда Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің пікірі маңызды екенін айтты.

«Мемлекет белгілеген барлық қолдау шаралары көрсетіледі, дегенмен мұндай жағдайда тергеу нәтижесін күту керек», - деді вице-министр.

Серіктес жаңалықтары