Бір айда дүкеннен 13 рет ішімдік ұрлаған

9 желтоқсан 2023 2:26 / Новости Казахстана

Бір айда дүкеннен 13 рет ішімдік ұрлаған Хромтау тұрғыны ұсталды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Polisia.kz жариялады.

29 жастағы жігіт бір ай ішінде Хромтау қаласында орналасқан супермаркеттердің біріне 13 рет келіп, әрқайсысында бір бөтелке алкоголь өнімін жасырын жымқырып отырған. Оны қымбат виски қызықтырған.

Қарашаның басында супермаркетке келген азамат сөреден бір бөтелке алып, күртесінің ішінде жасырын алып шыққан.

Ешкім байқамағанын білгеннен кейін заңсыз әрекетін қайталаған. Кейін мұны әдетке айналдырған. Тіпті бір күнде түске дейін және түстен кейін келіп, әрқайсысында 0,5 немесе 0,7 литрлік бір бөтелке вискиді тегін әкетіп отырған.

Бұл туралы полицияға желтоқсан айының басында 43 жастағы кәсіпкер арызданды. Ұрланған алкоголь өнімдерінен келген шығын 100 мың теңгеден асты.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, бейнекамераны зерделеуден  хромтаулық жігіт ұсталды.

Ол ұрлаған ішімдіктің бәрін ішіп тауысқанын жеткізді.

ҚР ҚК 187-бабымен қозғалған қылмыстық іс шеңберінде тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

 

Серіктес жаңалықтары