Биыл елімізде баспана бағасы қалай құбылады?

13 қаңтар 2024 23:02 / Новости Казахстана

Елімізде баспана бағасы қалай құбылады? Биыл бірыңғай жиынтық төлемнің тоқтатылуына байланысты пәтер бағасы өсуі мүмкін. Кейбір жылжымайтын мүлік мамандары осылай болжап отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Жалға үй берушілер кезінде бір айға тек 3450 теңге салық төлесе, енді жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, табысының бір пайызын мемлекетке береді. Оған қоса әлеуметтік төлемдер де бар. Сондықтан кәсіпкерлер жалдау ақысын өсіруі мүмкін. Бірақ риелторлардың пікірі мүлде бөлек.

Пәтерді жалға беріп табыс табу елімізде кең таралған кәсіптің бір түрі. Мәселен, Алматыда 250 мыңға жуық адам шағын және орта бизнеспен айналысады. Ал соның 20 мыңы пәтерді жалға беріп күн көруде. Алайда олар биылдан бастап табысына сай салық төлейтін болады. Ал кәсіпкердің шығысы көбейсе, тауар құнын көтере салатыны бәріне мәлім.

- Бірыңғай жиынтық төлемнің тоқтатылуы пәтерді немесе үйді жалға беретіндерге тікелей тиеді. Енді өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандар салықтан бөлек әлеуметтік төлем, зейнетақы аударымы мен медициналық сақтандыруды төлейді. Сәйкесінше, егер бұл соманы жалға берушінің қалтасы көтермесе, әрине, пәтерінің жалдау ақысын көтереді, – дейді жылжымайтын мүлік маманы Әсел Досымбекова.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалға берілетін пәтердің құны орта есеппен бір шаршы метріне 3200 теңге болыпты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда төрт жарым пайызға қымбаттаған. Құны жоғары пәтерлер бойынша көшті бастап тұрған Алматы, кейін Астана. Негізінде жалдау ақысының құны көбіне сұранысқа байланысты.

- Бірыңғай жиынтық төлемнің тоқтатылуы нарыққа қалай әсер ететінін нақты айту қиын. Кейбір жалға берушілер салық сомасын жалдау ақысының үстіне қосуы мүмкін. Бірақ баспананы жалдау нарығына әлдеқайда көбірек әсер ететін – сұраныс, – дейді жылжымайтын мүлік сайтының шолушысы Ирина Милярова.

Ал нарықтағы сұраныс мәз емес.

- Біз былтыр толық жиһаз қойылған, жөнделген жаңа тұрғын үй кешенінде екі бөлмелі, 45 шаршы метрден бастап, 400-500 мыңға оңай өткізетінбіз. Қазір 400-дің өзіне сұраныс жоқ. Өйткені ұсыныс көп, – дейді риелтор Назгүл Смағүлова.

Риелторлардың айтуынша, осы өзгеріске байланысты жалдау ақысының көтерілуі екіталай. 

Алайда нарықты не күтіп тұрғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Сұраныс артса, бірыңғай жиынтық төлемнің бар-жоғына қарамай бағаның қайта шарықтайтыны жасырын емес.

 

 

Серіктес жаңалықтары