«Болашақтың» болашағы қандай?

21 ақпан 2024 11:00 / Новости Казахстана

«Болашақ» бағдарламасымен кейінгі 30 жылда 15 мыңнан аса отандасымыз шетелде біліп алып, тәжірибе жинақтаған. Алайда осы аралықта шекара асқан 270-ке жуық стипендиат елге оралмаған. Бұл туралы «Amanat» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің кезекті отырысында айтылды. Жиында қазақ жастарына қанат бітірген жобаның ендігі даму перс­пективалары мен өзекті мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, құзырлы орган­дардың және үкіметтік емес ұйым­дардың, «Халық­аралық бағ­дар­ламалар орталығы» АҚ өкілдері қатысты. Кеңесте Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, білім алған стипендиаттардың елге қайта келмеуін сынға алды.

– Бағдарламадағы мамандық­тар тізі­мін заман талабына, ең­бек нарығына ­сай қалыптасты­рып, қажет болған жағдай­­да өз­ге­рістер енгізіп отыру керек. Қа­ра­жат бөлініп, азаматтарымыз оқу біті­ріп келгеннен кейін, өзіне лайықты жұмыс таба алатындай болуға тиіс. Бағ­дар­лама­ның тағы бір проблемасы – шетелге кеткен азаматтарымыздың елге мүл­дем оралмауы немесе бес жылдық өтеу мерзімінен кейін шетелге эмиграциялануы. Ресми деректерге сәйкес, бағ­дарлама басталған уақыттан бастап 268 азамат елге оралмаған. Ол 15 871 түлектің 1,6 пайызы ғана, ал бес жыл өтеу мерзімінен кейін қанша азаматымыз шетел асып кетті? – деді кеңес төрағасы.

Өз кезегінде «Болашақ» бағ­дар­ла­ма­сына жетекшілік ететін ­Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі, вице-министр Динара Щег­лова халықара­лық сарапшылар­дың бағалауы бойын­ша «Болашақ» бағ­дарламасының тиімді­лігін тіз­бектеп көрсетті.

– Біріншіден, стипендиаттар өзде­рімен бірге жаңа идеялар мен тәсілдерді Қазақстанға әке­ліп жатыр. Екіншіден, әлемдік кәсіп­қойлар қауымдастығымен жолға қойылған коммуникациялар­ды да елге белсенді тартады. Үшінші­ден, отандастарымыз­дың көпшілігі үшін «Болашақ» стипендиясы нағыз әлеумет­тік лифтке айналды. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарынан (көпбалалы отбасылар, ауылдық жерлерден келген отбасылар) көшіп келгендер үшін, олар мемлекет­тің қолдауынсыз әлемнің үздік жоғары оқу орындарында сапалы білім ала алмас еді. «Болашақ» бағдарлама­сы­ның тәжірибе­сін Қытай, Польша, Фин­ляндия, Украина секілді прогрессивті елдер зерделеп жатыр. Сондай-ақ «2014-2016 жылдарға арналған Жаһандық білім беру» ресейлік бағдарламасының және Татарстан Республикасының «Алгарыш» стипендиялық бағдарламасының негізін біздің «Болашақ» қалады деп нақты айта аламыз, – деді вице-министр.

Әрине, өзге елге кімнің қандай ниет­пен кетіп жатқанын бағам­дау қиын. Ал­дына шынайы мақ­сат қойып, шетел асты ма, әлде жұрт­тан қалмайын деп көш­ке ілесті ме, белгісіз. Тек анығы «оқуға аттандым» деп құр қыдырып қайт­қан адамның өзі таным көк­жиегін кеңейтеді. Өйткені шет мем­лекет жаңа таным мен түсі­нік қалыптастырады. Осы ретте Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан стипен­дия бөлу кезінде жасалатын үдерістер­ді жеңілдету үшін цифрландыруға көшіп, онлайн қызметтердің маңыздылығын арт­тыру керек екенін еске салды.

«Халықаралық бағдар­ла­малар орталығы» АҚ басқарма төр­аға­сы Әлия Оспанова қазіргі таңда 2 100 «Бола­шақ» стипендиясының иегері ше­­телде академиялық оқудан және тағы­лым­дамадан өтіп жатқанын атап өтті. Әрі олардың басым бөлігі Америка Құрама Штаттарын (942) таңдағанын айтты. Сондай-ақ ол сөз арасында қазақ тілінің шетелдегі мәртебесіне де тоқталды.

Елімізде «Болашақ» халықаралық бағдарламасын дамытудың жаңа стратегиясы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

«Қазір алдағы үш жылға арналған «Болашақтың» жаңа стратегиясы әзір­леніп жатыр. Биылғы наурыз айын­да республикалық комиссияның отырысы­на шығарып, одан кейін таныстыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар ірік­теу жұмыстарын күшейтеміз. Мәсе­лен, тағылымдамадан өту үшін енді ғылы­ми мақалаға қатысты талаптар қойы­лады. Ғалымдар жұмыс істеп тұрған зертха­наларға жіберіледі. Олар жыл сайын елге оралған кезде ғылыми жобаларын өн­діріске енгізу туралы есеп беруге тиіс», деді министр.

Серіктес жаңалықтары