Депутат: Ауылда өрттен қорғанатын техника да, мүмкіндік те жоқ

25 қаңтар 2024 10:23 / Новости Казахстана

Еліміздегі ауылдық окургтерде өрттен қорғану мүмкіндіктері өте төмен және тиісті техникалар алынбаған. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады, - деп хабарлайды Arbat.media.  

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 11 маусымда Үкіметке «елде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің іс-шаралары кешенін қабылдауды» тапсырған. Бұл кешенді іске асыру 2024 жылы аяқталуға тиіс, бірақ шешілмеген мәселе шаш етектен. Ауылды жердегі халық өртті сөндіретін ешқандай арнайы техника жоқтығын айтуда. Ал аудан орталығынан көмек келіп жеткенше өртенген нысанның күлі де қалмайды. Яғни, ауылдық окургтерде өрттен қорғанатын ешқандай мүмкіндік жоқ. Керісінше бұл мәселе үлкен қалалар мен қала типтес орталықтарда жақсы шешімін тапқан. Қала тұрғандары өрт қауіпсіздігінен қорғалып, ал ауыл адамдары өртене берсін деген ниет емес шығар бұл. Бәріміз бір елдің азаматы, бір мемлекеттің тұрғындарымыз, заң ортақ, сөйте тұра ауыл тұрғындарының қауіпсіздік құқын шектеуге ешқандай негіз жоқ», - деді Ү. Шапақ Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың айтуынша, өткен жылы республика көлемінде 11 805 өрт оқиғасы тіркелген, оның ішінде 5 991 өрт қалалық елді мекендерде, 5 814 өрт – ауылдық жерлерде болған. Салдарынан 375 адам (қалада 219, ауылдық жерде 156 адам) қайтыс болып, материалдық шығын көлемі 16 млрд теңгеден асты.

«Қазіргі таңда елімізде 29 шағын қала-кент, 6 293 ауыл бар. Олардың өрт қауіпсізідігінен сақтандыру бойынша техникалық мүмкіндіктеріне тоқталсақ, ауылдық елді мекендерді өрттен қорғауды 231 өрт сөндіру депосы, 705 өрт сөндіру бекеті және 209 ерікті өртке қарсы құралымдар қамтамасыз етеді. Бір өрт сөндіру бекетіне бір-бірінен алшақ орналасқан бірнеше елді мекен қарайды. Өрт сөндірушілер жоспарланған 20 минутта бақылаудағы елді мекендерге еш жете алмайды. Мысалы, 2023 жылы болған 719 жағдайда өрт сөндірушілер тиісті нысанға жету үшін кемі бір сағат уақытын жолға жұмсаған», - деді ол.

ҚР «Азаматтық қорғау туралы» заң талаптарында жергілікті атқарушы органдардың елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін ұйымдастыру құзыреті бекітілген.

«Бұл құқықтық құжатқа жергілікті атқарушы органдар немқұрайды қарайды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып бірінші кезекте, республика шеңберінде аяқталмаған өрт сөндіру деполарының құрылысын жедел аяқтау қажет. Өрт сөндіру бекеттерін толыққанды зерделеп, заманауи техникалық құрылғылармен қамтамасыз ету керек», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары