Елімізде судьялар толыққанды тәуелсіз емес

15 маусым 2024 13:00 / Новости Казахстана

Елімізде судьялар толыққанды тәуелсіз емес. Олардың жемқорлықтан ада болуы үшін материалдық қажеттіліктерін өтеу қажет. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар судьялардың кәсібилігін арттыратын заң жобасын қарады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Судьялардың жағдайы сіз бен біз ойлағандай мәз емес. Олардың жалақысы бір кездері жақсы көтеріліп еді. Кейін мына инфляция салдарынан аз болып қалды. Сосын олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, көлікпен қамтамасыз етілуі — осы мәселер шешілмей жатыр. Ең басында 300 мыңның төңірегінде болуы керек деп ойлаймын, дейді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан. 

Депутаттар өңірлерде судья тапшылығы соңғы кезде өрши түскенін сөз етті. Мәселен, ел бойынша 350-ден аса бос орын бар. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық сотында судьяның орны үш жылдан бері бос болған. Тұрғын-үй, жақсы жалақыдан бөлек, олардың қауіпсіздігі де басты назарда болуы тиіс дейді халық қалаулылары.

Мәселен, соңғы он жылдықта елді елең еткізген ең атышулы Қуандық Бишімбаевқа қатысты процесте төрағалық еткен судья Айжан Құлбаеваның жеке басы әлі күнге дейін ерекше қорғауда екен.

Еске сала кетейік, сәуір айында сот процесі жүріп жатқан кезде Құлбаеваның жеке нөміріне бәзбіреулер хабарласып, қоқан-лоққы көрсеткені айтылған.

Серіктес жаңалықтары