Елтаңба өзгерген жағдайда, теңге өзгере ме?

1 сәуір 2024 12:34 / Новости Казахстана

Ұлттық банк Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасын өзгерту туралы шешім қабылданған жағдайда банкноттар өзгеруі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады. 

«Банкноттар мен монеталардағы мемлекеттік рәміздерді ауыстыру мәселесі түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін және Қазақстан Республикасының тиісті заңнамалық актілеріне қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін қаралуы мүмкін», - делінген Ұлттық банктің берген жауабында.

Ведомство бұл жерде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заң сөз етіліп отырғанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мемлекеттік елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс айтқан болатын.

«Жалпы халықтық келісім болса, барлық аспектілерді жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау жүргізетін арнайы комиссия құрып, Қазақстанның жаңа мемлекеттік Елтаңбасының ең үздік эскизіне ашық конкурс жариялауға болады», - деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары