Маймыл шешегі Еуропаға жетті.Қазақстан мен әлемдегі іс-қимылдар

18 тамыз 2024 10:21 / Новости Казахстана
Фото: REUTERS/Arlette Bashizi

Африкадағы m-pox (маймыл шешегі) індеті салдарынан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) әлем бойынша денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайды жариялады. Бір аптаның ішінде індетті жұқтырудың 2000-нан астам жағдайы тіркеліп, вирус көрші елдерге тарай бастады. Дүниежүзі елдері, соның ішінде Қазақстан мен Қытай вирустың алдын алу және оның таралуына жол бермеу үшін тиісті іс-шараларды күшейтіп жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Сейсенбі күні Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары Конгода маймыл шешегінің жұқпалы штамының жылдам таралуына байланысты континентте денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай жариялады, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Вирус көрші елдерге тарай бастады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус әлем елдерін қауіпке ерекше назар аударуға және инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін қажет шараларды қабылдауға шақырды. Қазіргі кездегі басты мақсат – Африкада вирустың таралуына тосқауыл қою және оның әлемнің басқа бөліктеріне таралуына жол бермеу.

Маймыл шешегі қайдан шықты ?

Маймыл шешегі вирусынан туындайтын бұл ауру алғаш рет 1958 жылы Данияда зертханалық маймылдар арасында табылған. Вирустың адамға жұғуының алғашқы жағдайы 1970 жылы Конго Демократиялық Республикасында тіркелген.

M-pox-тың клиникалық симптомдарына тоқталсақ, адамның бетінде, қолында, аяғында және жыныс мүшелерінде бөртпе пайда болады. Пациенттердің көпшілігі екі-төрт апта ішінде сауығады, бірақ ауыр асқынулар болуы мүмкін. Соның ішінде бактериялық тері инфекциялары, пневмония, мидың қабынуы (энцефалит), сепсис және тіпті өлім жағдайы болуы ықтимал. Иммундық жүйесі әлсіреген адамдар, балалар мен жүкті әйелдердің вирусқа төтеп беруі қиындайды.

Негізінен денеде вирус тудырған бөртпелерге қол тигізу, осы бөртпелермен ластанған киімдерді, төсек-орындарды, сүлгілерді және сол сияқты заттарды пайдалану - аурудың таралуына себеп болады.

Індеттің әлемде таралуы қаупі

Маймыл шешегінің таралуы негізінен Орталық және Батыс Африкамен шектеліп келді. Бірақ 2022 жылдың мамырында Еуропа мен Солтүстік Америкада да тіркелді. 2023 жылы ауру ошақтары азайғанына қарамастан, вирустың таралуы жалғасып келеді. Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының мәліметтеріне қарағанда, өткен аптада ғана Африкада маймыл шешегінің 2000-нан астам жаңа жағдайы тіркелді.

Африкадан тыс жаңа әрі неғұрлым жұқпалы m-pox штамының бірінші жағдайы Швецияда тіркелді. Науқас Африкаға барған сапарынан кейін жұқтырған, себебі бұл өңірде індет өршіп тұрған. Швед билігі науқастың қажет ем-дом алғанын және бақылауда тұрғанын растады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық сапарларды ескере отырып, вирустың Африкадан тыс жерде одан әрі таралу қаупі жоғары екенін ескертті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2022 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың маусымына дейін 116 елде маймыл шешегінің 99 мыңнан астам расталған жағдайы тіркеліп, 208 адам қайтыс болған. Осы уақыт аралығындағы ауру ең көп тіркелген елдердің үштігіне АҚШ, Бразилия және Испания кірді.

Соңғы мәліметтер m-pox вирусының бүкіл әлемде таралуы жалғасып жатқанын көрсетті. 2024 жылдың маусымында 934 жаңа зертханалық расталған жағдай және 4 өлім тіркелді. Африкада - 567, Америкада - 175, Еуропада - 100, Батыс Тынық мұхит аймағында - 81 және Оңтүстік Шығыс Азияда 11 жағдай анықталды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен әлемдегі мамандардың ұсыныстары

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шетелге шығуды жоспарлап отырған азаматтарға тиісті нұсқаулық дайындады. Министрлік ауру жұқтырған адамдарға және вирусты тасымалдауы мүмкін егеуқұйрықтар, тиіндер және маймылдарға жақындамауға кеңес берді. Сондай-ақ аңдарға күтім жасайтын орындарда қорғаныс құралдарын пайдалану және гигиеналық шараларды сақтау, оның ішінде қолды жиі жуып, дезинфекциялау маңызды.

Қазіргі кезде Қазақстанда m-pox ауруы тіркелген жоқ. Сонымен қатар, инфекцияның таралуын болдырмау үшін елде күшейтілген профилактикалық шаралар, яғни мемлекеттік шекарадағы санитарлық бақылау және қауіпті аймақтардан келетін жолаушыларға қатысты мониторинг жүргізу ескерілген.

Қытайдың кеден органдары вирустың таралуына жол бермеу үшін шекаралық бақылауды күшейтті. Маймыл шешегі расталған елдерде және өңірлерде болған адамдар аталған індет белгілері анықталған жағдайда, міндетті түрде хабарлауы тиіс.

Бұл ретте, індет жұқтырған адамдар отырған көліктер мен олар тасымалдаған жүк санитарлық өңдеуден өтуі тиіс. Сондықтан 15 тамызда күшіне енген іс-шаралар алты ай бойы жалғасады.

Еуропада вирус жұқтырған науқастардың сырттан келуі салдарынан ауру таралып кетуі мүмкін деп санайды. Дегенмен, Еуропаның аурулардың алдын алу және бақылау орталығы науқастар тез анықталып, ем-дом қабылдаса, онда індеттің таралу қаупі болмайтынын мәлімдеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау бағытында белсенді жұмыс атқарып жатыр. Атап айтқанда, балалар, жүкті әйелдер және иммундық жүйесі әлсіреген адамдарға, яғни ең осал топтарды қорғауға баса назар аударып отыр.

Серіктес жаңалықтары