Майқайыңда көз жұмған және із-түзсіз кеткендер жайлы жаңа дерек

6 қаңтар 2024 22:42 / Новости Казахстана

Құтқарушылар әлі күнге таба алмай жатқан екі азаматтың бірі кәсіби әскерилендірілген апаттан құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалында взвод командирінің орынбасары болып еңбек еткен, - деп хабарлайды Arbat.media

Бұл туралы ақпаратты  Kazinform егжей-тегжей жариялады. 

4 қаңтар күні Майқайыңдағы алтын кенішінің ескі шахта аумағында пайда болған ойыққа түсіп кеткен автобуста 4 адамның болғаны туралы хабарлаған едік. Олардың барлығы – кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының қызметкерлері. Құтқару қызметінің ресми сайтында көрсетілгендей, Павлодарлық филиалда шамамен 209 адам еңбек етсе, оның 36-сы «Майқайыңалтын» АҚ-ның өндірістік базаларына жауапты болған. Бұдан бөлек кәсібилендірілген мекеме Екібастұздағы және Бозшакөлдегі кен орындарына қызмет көрсетеді. 

Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі

Құтқарушылар екінші тәулік іздеп жатқан автобус ішінде аталған құтқару қызметінің жедел алдын алу жұмыстары жөніндегі взвод командирінің орынбасары Айдос Шаймерден (36 жаста) мен жедел автокөлік жүргізушісі Айып Тілеубергенов (55 жаста) бар. Бұл ақпаратты Майқайың кентінің әкімдігі растап отыр. А.Шаймерден – 5 баланың әкесі, жұбайы екеуі 4 ер, 1 қыз баланы тәрбиелеп өсірген. Ал 12 қаңтар күні 56 жасқа толатын автобус жүргізушісі А.Тілеубергеновтің отбасында мүгедек қыз бала бар деп хабарланды. Екі азамат та Майқайың кентінің тұрғындары.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 4 қаңтар күні құтқарушылар топырақ арасынан 2 азаматтың мүрдесін алып шыққан. Олар – Сарқыт Бердіқан (1999 жылғы) және Тышкевич Олег Леонидович (1970 жылғы).

Марқұм Бердіқан Сарқыт – Майқайың кентінің тұрғыны, марқұмның соңында келіншегі мен екі ұлы қалды. Оның біріне 1 жас 10 ай толса, екінші ұлы өткен жылдың қазан айында ғана дүниеге келген. Бердіқан еңбек ұйымында құтқарушы лауазымында қызмет кеткен.

Ал Екібастұз қаласының тұрғыны болған Олег Леонидович жалғызбасты жан, әйелі қайтыс болған. Кәмелет жасына толып кеткен бір ұл, бір қызы бар. Ол да еңбек ұжымында құтқарушы болып істеген.

Майқайың алтын кенішінің ойығына түсіп кеткен автобус пен ондағы екі адамды іздестіру жұмыстары күні-түні жүріп жатыр. Павлодар облысының әкімі, жедел штабтың төрағасы Асайын Байханов бүгін хабарлағандай, шахта үстінде пайда болған үлкен шұңқырдың түбіне ауыр техникалар түсе бастады. 

Еске сала кетейік, 4 қаңтар күні «Майқайыңалтын» кен орнында үлкен ойық маңындағы топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын. 

Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды.

Кешкісін табылғандардың кім екені белгілі болды. 

Оқиға орнында иісшіл иттер жұмыс істеп жатыр. Опырылған жерде әлі де топырақ сырғып түсіп жатыр, опырылу шекарасы тұрақты емес. 

Баянауылда кен орнында көз жұмған және із-түзсіз кеткендердің отбасына 4,5 млн теңгеден беріледі. 

Алтын кенішіндегі апат: қаза тапқандарды жерлеу рәсіміне 2 млн теңгеден бөлінді. 

Майқайыңдағы алтын кеніші туралы не білеміз?

Алтын кенішіндегі қайғылы жағдайға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Серіктес жаңалықтары