Мажар компаниясы Қазақстанның бірнеше өңірінде күн электрстанциясын салады

2 қараша 2023 14:14 / Новости Казахстана

Мажарстанның Globalia компаниясы Қазақстанның бірнеше өңірінде күн электрстанциясын салады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақордадағы кездесуден кейінгі бірлескен мәлімдемесінен мәлім болды.

«Қазіргі таңда қос мемлекет арасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Бүгін Виктор Орбан мырзамен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған нәтижелі келіссөз жүргіздік. Жан-жақты әріптестікті, ықпалдастықты нығайту халықтарымыздың мүддесіне сай келеді. Біз бүгін нақты әрі маңызды келіссөзге қол жеткіздік. Әсіресе екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға баса мән бердік. Осы орайда тауар түрін көбейтіп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалану аса маңызды», — деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Мажарстанға құны шамамен 700 млн доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізе алатынын атап өтті.

«Энергетика, металлургия, машина жасау, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өнім экспорттауға мүмкіндік бар. Біз инвестициялық серіктестікті одан әрі жандандыру үшін ірі жобаларды бірлесіп іске асырамыз деп уағдаластық. Сондықтан өзара тиімді жобалар тізімі әзірленеді», — деді президент.

Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысындағы Рожков газ кеніші жыл соңына дейін іске қосылады. 

«Онда Мажарстанның MOL мұнай-газ компаниясының үлесі 192 млн доллар болмақ. Сондай-ақ, Globalia кәсіпорны еліміздің бірқатар аймағында күн энергия стансаларын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны - 150 млн доллар», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары