Нұрсұлтан Назарбаев: Көз алдымда туып-өскен ең кіші бауырымнан айырылдым

18 қараша 2023 17:05 / Новости Казахстана

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев інісі Болатты еске алып, құран бағыштап, ас берді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Нұрсұлтан Назарбаевқа көңіл айтуға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, тұңғыш президенттің серіктері, дипломатиялық корпус өкілдері, шығармашылық зиялы қауым мен дін қайраткерлері келді.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Н.Назарбаев жылы лебіздері мен шынайы тілектеріне ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Құрметті жамағат! Ең кіші бауырымнан айырылдық. Еркелеп, көз алдымда туып-өскен. Көңілі жайбарақат, қолы жазық, мейірімді адам еді. Жерлегенде ауыл азаматтары жақсылығын айтып жатты. Алдынан Алла жарылқасын. Қабырғамыз қайысқан, біздің жанұмыздың қиыншылығын бірге көтеруге президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан бастап, өз азаматтарымыз да, көрші елдердің басшылары да көңілін айтып жатыр. Бәріне шын жүрегіммен ризашылығымды білдіремін.

Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы туралы еске салып, бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтті.

Тәуелсіздік орнату оңай болған жоқ. 1500 өндіріс орны тоқтап, 2миллион адам жұмыссыз қалды. Сол кезде әріптестерім, буындастарым, барлығымыз жабылып сол қиындықтан шығарып, елімізді аяғынан тік тұрғыздық. Өркендеген ел қатарына кірдік. Ата-бабамыздың арманы да сол еді. Сол кездегі қиындық біздің буынға келіп түсті. Көп елмен дос болдық, мемлекетті нығайттық. Астананы, Түркістанды да салдық.

Әр ұрпақтың өз жолы, өз міндеті бар. Келесі ұрпақ өз өзгерістерін әкеледі. Өзгеріссіз даму да болмайды, алға баса алмаймыз», - деді ол. 

Н.Назарбаев мемлекеттің өркендеуінің, қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі – халықтың бірлігі, оның айтуынша, әркім қорғауы қажет екенін атап өтті.

Өз басым, Алланың берген шаруасын орындадым деп санаймын. 2019 жылдың наурызында мен ойланып-толғанып, өз еркіммен билікті келесі буынға бердім.  Қасым-Жомарт Тоқаев қолынан келгенше істеп жатыр.  Әр буынның өз жолы болады, әр буынның өз өзгертуі болады. Мен ештеңеден қамықпаймын, ештеңеден жабықпаймын.  Өз шаруамды бітіріп, келесі ұрпаққа бердім. Ендігі мақсат — елді ары қарай өркендету. Елімізді, Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін бір адамдай болып, Президенттің істеп жатқан шаруасын қолдауымыз керек. Қазақ біріккенде ылғи жеңетін. Ажырағанда жерінен, үйінен айырылатын. 

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев 992 жылы Сауд Арабиясы королінің тапсырмасымен Меккеге барғандағы халқына тілеген тілегін ағынан жарыла айтып, жұртына шын ниетімен жақсылық тілеп батасын берді.  

Айналайын халқым! 1992 жылы Сауд Арабиясы королінің тапсырмасымен Меккеге екі рет кірдім. Сол Меккеде тілек тілегенде, төрт бұрышында намаз оқығанда, қанша қиыншылық көрген халқыма, қазағыма Тәуелсіздік бер, соны нығайта көр, соны ұстап қалуға күш-қуат, ақыл бер деп тіледім. Сол тілегім орындалған сияқты. Сондықтан Аллаға арнап, Астанада дүниедегі ең зәулім бас мешітті салдырдық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Халқымыз жаманшылық көрмесін. Алдымыздағы бала-шағаымыз аман болсын. Тәуелсіздігімізді нығайтып, Қазақстанымызды өркендетіп, болашаққа ұрпаққа жайнаған, тамаша 30 дамыған елдің арасында тұратын Қазақстанды бере көрсін. Бәріңізге аманшылық тілеймін, қуаныш тілеймін, жанұяларыңда жаманшылық болмасын, әумин!

 

Серіктес жаңалықтары