Павлодар қазақ театры Б.Соқпақбаев атындағы жүлдеге ие болды

6 қазан 2024 9:00 / Новости Казахстана
ФОТО: Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры

Шығыс Қазақстан облысында көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ фестивалі өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған додада Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры жүлдеге ие болды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Өскеменде өткен өнер додасына еліміздің әр түпкірінен 10 театр қатысты. Қойылымдар балалар аудиториясына арналған. Көрермендерге «Менің атым Қожа», «Қайдасың, Гауһар!», «Қар қызы», «Болмаған балалық шақ» сынды туындылар ұсынылды.

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры «Менің атым Қожа» (реж.: Ж.Садықов) спектаклін сахналап, «Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлық» (1.000.000 тг) номинациясын иеленді. Адамның ой-өрісі мен танымын ұшқыр қиялға жетелейтін, кейіпкерлерін ізгі қасиеттерге тәрбиелейтін қойылым фестивалде алғашқы болып қойылып, қазылар алқасының ықыласына ие болды. Ал көрермен қауым еркін мінезді қазақ баласының қайсар бейнесін көрсететін позитивті шығарманы жылы қабылдады. 

Еске сала кетейік, қыркүйек айында Павлодарда Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлының 135 жылдық мерейтойына арналған «Ертіс-Баян» І республикалық театр фести валі өтті. Аталған сында жергілікті театр Павлодар облысы әкімінің арнайы жүлдесін иеленген еді.

Серіктес жаңалықтары