Полицейлер ұйықтап қалғанда, екі айыпталушы қашып кетті

5 маусым 2024 12:34 / Новости Казахстана

Полицейлердің ұйықтап қалғанын пайдаланып, екі айыпталушы камерадан қашып кетті. Ақтөбе қаласының №2 сотында қызметіне немқұрайлы қараған үш полицейге үкім шықты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Тәртіп сақшылары 2023 жылы 11 қарашада уақытша ұстау изоляторын күзетуге міндеттелген. Алайда түн ортасында үш полицей де ұйықтап қалған. Мұны байқаған 2 айыпталушы камераның есігін ашып, ізін суытқан.

Полиция мен Ұлттық ұлан қызметкерлерінің бірлескен іс-әрекетінің арқасында олар 12 қараша күні таңертең қолға түскен.

Осы істі қараған сот 3 полицейді де 1 жыл бас бостандығынан айырды. Тергеу барысында 2 полиция ғана кінәларын толық мойындаған.

Сот Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті бастығына алдағы уақытта осындай фактілердің қайталанбауы үшін қажетті шараларды қабылдау туралы жеке ұйғарым шығарды.

Серіктес жаңалықтары