Премьер-министр сенімнің ақталмағанын айтып, кемшіліктерді атады

28 қараша 2023 13:31 / Новости Казахстана

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында тауар биржаларына мемлекет артқан сенімнің ақталмағанын айтып, саладағы кемшіліктерді атады, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Астық, мұнай өнімдері, көмір және басқа да тауарлардың сауда-саттығын жасайтын 10 тауар биржасы бар. Біз биржалық саудаға үлкен үміт артып келдік. Соңғы 5 жылда заңнама екі рет өзгерді. Соған қарамастан, биржалар әлі күнге дейін нарықтағы өз қызметін толықтай орындай алған жоқ», – деді премьер-министр.

Жер қойнауын пайдаланушылардың тауар биржаларын өз мүдделеріне қарай пайдаланып кеткенін де атап өтті.

«Биржа саудасының негізгі бөлігі жергілікті қамтуды сақтау туралы міндеттемелері жоқ мәмілелерге қызмет көрсетуге бағытталған. Жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаражат біздің бизнеске жетпей қалады. Бұлай болмауы керек. Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары ел мүддесіне жұмыс істеуі тиіс», – деді Үкімет басшысы.

Премьердің айтуынша, тауар биржалары микрокәсіпкерлік нысанына жатқызылғандықтан салықты аз төлеп, тексерулерден оңай құтылып отыр.

«Кемшіліктер жаңа заңнама шеңберінде жойылуы тиіс», – деді Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары