Президент іс басқармасы қызметкерлері арасындағы тоғызқұмалақ турнирі мәреге жетті

17 наурыз 2024 14:26 / Новости Казахстана

Бүгін елордада ҚР Президентінің Іс басқармасы мен ведомстволық қарасты ұйымдары қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылған тоғызқұмалақтан дәстүрлі турнирдің жеңімпаздары марапатталды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады. 

Турнирде әрқайсысы екі ойыншыдан жасақталған 10 команда бақ сынады. Наурыз мейрамы аясында ұйымдастырылған жарысқа ҚР Президенті Іс басқармасының, Медициналық орталықтың, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясының, Президенттік орталықтың, ҚР Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясының, Автошаруашылықтың, Бүркіттің, Инженерлік-техникалық орталықтың, Президент Телерадиокешенінің командалары қатысты.

ҚР Президенті Іс басқармасының аппарат басшысы Серік Кенжебаев жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок пен медальдар, тиісті дипломдар тапсырды. Тартысты бәсекеде ҚР ПІБ Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының қызметкерлерінен жасақталған команда (Сержан Әуезхан, Ақерке Әбдыхан) бас жүлдені жеңіп алды. Ал Медициналық орталығының намысын қорғаған команда (Ерік Әбдірахманов пен Әділхан Ақдәулетов) екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші орынның марапаты ҚР Президенті Іс басқармасы орталық аппаратының командасына (Алма Сағитжанқызы, Әділ Сағымбеков) табысталды.

Сонымен қатар, «Үздік партия» аталымында ең тартымды ойын көрсеткен Алма Сағижанқызы мен Ақерке Әбдыхан марапатталды. «Үздік ойыншы» аталымында Ерік Әбдірахмановқа ҚР Президенті Іс басқармасының дипломы берілді. Тоғызқұмалақ ойынынан Қазақстан құрама командасының мүшесі, турнир төрешісі Мұрат Уажановтың айтуынша, бүгінгі ойынға жалпы 20 адам қатысты. 

«Жарыс нәтижесіне көңілім толып отыр. Командалар арасында бәсеке жоғары деңгейде болды. Жалпы, елімізде тоғызқұмалақ ойыны жақсы дамып келеді. Балабақшадан, мектептен бастап барлық салалардағы қызметкерлер арасында ел өңірлерінде ұйымдастырылып жатқаны қуантады. 6 рет әлем жарысы өтті. Қазақстан чемпионаты да тұрақты ұйымдастырылып келеді», - деді М.Уажанов.

 

Серіктес жаңалықтары