Президент Ұлттық құрылтайда дін мен дәстүрдің бірлігін атап өтті

16 наурыз 2024 8:03 / Новости Казахстана

Президент Ұлттық құрылтай жиынында дін мен дәстүрдің бірлігіне арнайы тоқталғанын атап өтіп, ұлттық болмысымыздың арқауы саналатын осы екі құндылықты бір-біріне қарсы қойып жүрген теріс ағымдар жөнінде алаңдаушылығын білдірді, - деп хабарлайды Arbat.media.

– Ашығын айтсақ, дін мәселесі бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Біз сырттан келген жат ағымдардың ұрпақ санасын улауына жол бермеуіміз керек. Бұған салт-дәстүрімізді сақтау және саналы ұрпақ тәрбиелеу арқылы төтеп бере аламыз. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы айрықша рөл атқаруға тиіс. Иман жолына бет бұрған жастарға дұрыс бағыт сілтеу – өте маңызды міндет. Мүфтият осы іске баса мән беріп, мұқият айналысқаны жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің жаңашылдық пен жасампаздық жолына түскеніне назар аударды. Бұл – Наурыз мерекесімен және Ислам құндылықтарымен толық үндесетін сара жол.

– Биылдан бастап елімізде әз-Наурыздың онкүндігін жарияладық, яғни әр күнді ерекше атап өтетін болдық. Бүгін 15 наурыз – «Қайырымдылыққа» арналған. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елімізде көптеген игі істер жасалуда. Халқымыз жанашырлық, тілеулестік, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттерін іс жүзінде көрсетіп жатыр. Бұл, шын мәнінде, озық қоғамға тән сипат деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары