Қандастар ұлттық спорт ойындарын тамашалады

11 қазан 2023 13:00 / Новости Казахстана

Астанада өтетін «Отандастар» форумына келген қандастар ұлттық спорт ойындарын тамашалады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы ҚазАқпарат егжей-тегжей жариялады. 

Форумға шетелдегі 200-ге жуық қазақ ұйымдарының басшысы, белсенді және танымал тұлғалар, отандық ғылым, білім, мәдениет, спорт, бизнес, медиа, саясат, қоғамдық ұйымдар және басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері келген болатын.

Форумның Бас серіктесі Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры және Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырып жатқан мәдени бағдарлама аясында шетелден келген қандастар ұлттық құндылықтарымызбен танысты.

Атап айтқанда, Ұлттық спорт қауымдастығы мен Салалық спорт федерацияларының мамандары құсбегілік, қолөнер шеберлігі, ұлттық ойындарымыздан тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, қыз қуу, аударыспақ және көкпар тартудан қойылым көрсетті. 

«Бүгін дүние жүзінен келген қандастарымызды ұлттық аспаптарымызбен және спорт түрлерімен таныстырып жатырмыз. Ұлттық спортымызды көрсін, қазақтың салт-дәстүрімен таныссын деген ниет. Бұл ойындарда қазақтың тарихы, намысы, рухы бар. Алла бұйырса 2024 жылы Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Ол біз үшін мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында ұлттық спортымыз жақсы дамып келеді. Келесі жылы көшпенділер ойынына 100 мемлекеттен 3 мыңнан астам спортшы, турист келеді деп күтілуде. Біз осы қандастарымызды да шақырамыз. Олар арқылы басқа да туристерді тартып, өзіміздің ұлттық спорт түрлерін әлемге таныстырғымыз келеді, - деді Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев.

 

Автор
Серіктес жаңалықтары