Қазақстанда бюджеттің ашықтығына не кедергі

4 маусым 2024 19:55 / Новости Казахстана

Елімізде бюджеттің ашықтығы бойынша халықаралық бюджеттік серіктестігі зерттеу жүргізген. Бюджеттің ашықтығын бағалау бойынша Қазақстан 100 балдан 63 бал жинаған. Бюджетті талқылауға халықтың қатысуы бойынша 100-ден 11 балл, ал бюджетті қадағалау бойынша 100-ден 61 балл берілген, - деп хабарлайды Arbat.media.

Мемлекет бюджеті ашықтығы туралы толығырақ Мемлекеттік қаржы жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі, «Сандж» зерттеу орталығының негізін қалаушы, халықаралық бюджеттік серіктестіктің зерттеушісі Жанар Жандосова тарқатып берді, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Соңғы 15 жылда Қазақстан бюджеттің ашықтығын бағалауда 38-ден 63 балға көтерілді (2021 жыл). 2023 жылға арналған бюджеттің ашықтық индексі айтарлықтай жоғары, ал көрші елдермен салыстырып қарасақ, Грузия – 87, Әзірбайжан – 67, Ресей – 66, Түркия – 64. Бұл тұралауының себебі неде?», - деді Жанар Жандосова.

Одан әрі, зерттеуші тұралаудың себептерін атады. Бірінші себеп, Қазақстан бюджеттегі шығыс пен кірістер туралы тарихи деректерді ұсынбайды, бірақ олар бар.

«Бюджет жобасы өткен және келесі жылдардың бюджетін салыстыруға, бюджетті жоспарлау мен орындаудағы болар қателерді көруге мүмкіндік бермейді. Өкінішке қарай, бюджет жобасында мемлекеттік қарыз бен оған пайыздық мөлшерлеменің қалай өсіп жатқаны туралы деректер де жоқ. Өткен 2 жылдың деректерін жариялау қателіктерден аулақ болуға және сабақ алуға мүмкіндік береді. Халықаралық фискалдық серіктестіктің бюджеттің ашықтығын бағалауда Халықаралық валюта қорының әдістемесіне негізделген тарихи деректерді қосуды талап ететіні де сондықтан. Біздің жағдайда өткен жылдардың тарихи деректері болса индексті 9 балға арттырар еді», - дейді ол.

Оның айтуынша, бюджет жобасында экономикалық жіктеу жоқ.

«Оның функционалдық және басқару жүйесінен айырмашылығы, ол жалақы мен сыйақылар, тауарлар мен қызметтер, трансферттер немесе комиссиялық төлемдер мен іссапар шығындары туралы ақпарат береді. Оның болмауы мұндай санаттар бойынша шығыстарды жоспарлаудың жоқтығын және олар бойынша бюджеттің асып кетуіне мониторинг жүргізілмейтінін көрсетеді. Одан бөлек, бюджеттен тыс әлеуметтік қорлар бойынша өткен жылдары нөлдік балл байқалады. Қорлардың жұмысы ашық емес, атап айтқанда жауапкершілігі шектеулі серіктестікке сеніп тапсырылған активтерді қайтаруға, қаржылық басқаруға байланысты қаражат бойынша», - деді Ж. Жандосова.

Сондай-ақ, сарапшы бюджетте актуарлық есептеулер (мысалы, демографиялық жағдайдың 10-15 жылдан кейін бюджет ауыртпалығына қалай әсер ететіні), салық шегерімдері, экологиялық және басқа да айыппұлдар сияқты мақсатты кірістерді бағалау бойынша деректердің жоқтығын айтып отыр.

«Рейтингіде еліміздің тұралап қалуына тағы бір себеп бюджетті талқылаудан қоғамның тыс қалуы, әсіресе оны жоспарлау және азаматтық қоғам ұсынымдарын пайдалану кезінде. Қаржы министрлігі бюджет жобасы, бекітілген бюджет, жартыжылдық шолу және жылдық есеп туралы ақпаратты азаматтық бюджет ретінде жариялауға міндетті. Есептерді бағалауға ғана емес, бюджетті әзірлеуге жұртшылықты тарту тетіктерін іске қосу қажет. Парламент бюджет жобасын және аудиторлық есепті тыңдау кезінде азаматтық қоғамды тартуы керек. Бұл олқылықтарды түзету жоспарлаудың сапасы мен бюджеттің орындалу тиімділігін арттырады және бюджеттің ашықтық индексінің 80 балға, ал халық қатысуының 40 балға дейін көтерілуіне де әсер етеді», - деп түйіндеді Жанар Жандосова.

Серіктес жаңалықтары