Құрманғазы атындағы домбырашылар байқауының жеңімпазы анықталды

10 қараша 2023 9:23 / Новости Казахстана

Атырауда Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл тлуына домбырашылардың республикалық байқауы өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Байқауда Алматы облысының өнерпазы Мейірбек Әзімбаев бас жүлдеге ие болды.

Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі ұйымдастырған байқауға Астана мен Алматы қаласынан, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облысынан 21 үміткер байқауға қатысты. 

Қазылар алқасының төрағасы танымал композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымовтың айтуынша, байқауда домбырашыларға өзгеше талап қойылған.

«Ең басты – бұрыннан жиі орындалып жүрген күйлерді емес, керісінше, көп естілмей жүрген туындыларға көбірек мән беру. Мұндай талап сирек орындалатын шығармаларға жаңа леп беріп, киелі сахнаға қайта оралуына жол ашты. Біздің күйші бабаларымыздың әртүрлі тақырыпты қамтитын шығармалары өте көп. Сондай шығармалардың барлығын дерлік жас ұрпаққа дәріптеп, стилі мен орындалу ерекшелігін көрсету қажет», - дейді Айтқали Жайымов.

Байқауда домбырашылардың орындаушылық шеберлігі, сахна мәдениетін сақтау мәнері сараланды. Қазылар алқасы байқаудың бас жүлдесіне алматылық Мейірбек Әзімбаевты лайық деп таныды. Жеңімпазға 1 млн теңге табыс етілді.

 

Серіктес жаңалықтары