Теміртау маңында жол апатынан екі бала қаза тапты
Теміртау қаласына жақын жерде екі көлік соқтығысты. Салдарынан екі бала қаза тауып, 10 адам ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Оқиға сағат 17:56-да болған. Алматы-Екатеринбург тас жолында, Теміртау қаласына жақын жерде Toyota Camry және Chevrolet Nexia маркалы екі көлік соқтығысып, жол-көлік оқиғасы болды.
«Апат салдарынан Chevrolet Nexia көлігінің екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты, екі көліктегі он жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. Қаза тапқандардың екеуі де кәмелеттік жасқа толмаған», - деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция департаменті тағы да жол қозғалысы ережелерін сақтауға және белгіленген жылдамдықты бұзбауға шақырады.