Түркістан облысында аудандық білім бөлімінен 400 млн теңге ұрланды

25 қаңтар 2024 12:23 / Новости Казахстана

Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті білім беру саласындағы қаражатты аса ірі мөлшерде ұрлау фактілерін анықтады, - деп хабарлайды Arbat.media

Агенттіктен хабарлағандай, сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемденді деген күдікке «Келес ауданының білім бөлімі» ММ бухгалтерлері ілінді, олар 2021-2023 жылдар аралығында білім беру мекемесінің қызметкерлерінің көрінеу жалған мәліметтерін базаға енгізген.

«Мектеп қызметкерлерінің карт-шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) есепшілермен байланысты азаматтардың ЖСН-не ауыстырылғаны анықталды. Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген залал 400 млн теңгеден асады», делінген ҚМА хабарламасында.

Көрсетілген фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды және күдікті адамдарға қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Серіктес жаңалықтары