Үш мыңнан астам әскери қызметші су тасқынымен күресуде

10 сәуір 2024 15:51 / Новости Казахстана

ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин су тасқынымен күрес жұмыстарына тартылған әскери қызметшілер туралы айтып берді.  Өткен тәулікте су тасқынына қарсы іс-шараларға 1500-ден астам әскери қызметші, 104 техника және 3 армиялық авиация тікұшағы жұмылдырылған. Әуе көлігімен 39 адам тасымалданды, 4 тоннадан астам жүк жеткізіліп, 6 мыңнан аса қапшыққа құм толтырылып, төселген, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Жалпы 27 наурыз бен 9 сәуір аралығында іс-шараларға 3 мыңнан астам әскери қызметші, 173 автокөлік техникасы, 14 тікұшақ, 4 әскери-көліктік ұшақ жұмылдырылды. Қарулы күштердің жеке құрамы күшімен 2 359 адам, оның ішінде 745 бала эвакуацияланды, 115 тоннадан астам жүк тасымалданды7 СҚО аумақтық қорғаныс бригадасының жауынгерлері Петропавл маңындағы Заречный ауылына Есіл өзенінің бөгетін нығайту үшін 1 050 қапшық құм дайындады. ТЖ департаменттерімен және полиция қызметкерлерімен бірге олар Заречный тұрғындарын эвакуациялауға қатысты. Сондай-ақ, Бескөл ауылында Астанадан келген 68665 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ауылдың айналасын нығайту үшін 8 мың қап құм толтырды. Екінші топ «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ мамандарымен бірлесіп, Петропавл маңындағы айналма жолды нығайту жұмыстарын жалғастыруда», - деді Р. Жангулин.

Атырау облысының Құлсары қаласында Маңғыстау облысындағы аумақтық қорғаныс бригадасының 187 әскери қызметшісі ауысыммен бөгетті қалпына келтірумен және қаланың айналасына құм салынған қап төсеумен айналысуда. Осындай жұмыстарды «Батыс» өңірлік қолбасшылығының өзге де әскери бөлімдерінің жеке құрамы атқарып жатыр.

Мұз кептелістерін жою және су ағынын бәсеңдету үшін әскери инженерлер Құлсары қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы Жем өзенінде жару жұмыстарын жалғастыруда. Осы уақытқа дейін барлығы 8 жарылыс өткізілген.

Ақтөбе облысы Ойыл өзеніндегі паром өткелімен Қонаев гарнизонының әскери инженерлері 235 тұрғынды эвакуациялап, 29 тоннаға жуық жүк тасымалдады. Жалпы паром өткелінің көмегімен 817 азамат эвакуцияланды, 50 тоннадан аса гуманитарлық көмек, мүлік пен жүк тасымалданды. Келешек елді мекенінің қараусыз мүлкін қорғау жөніндегі іс-шараларға «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 30238 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жұмылды.

Батыс Қазақстан облысының аумақтық қорғаныс бригадасы Орал қаласының Шаған ауданына тартылды. Олар 6 шағын ауданда Қырғызстаннан келген гуманитарлық жүкті түсіруге атсалысқан. Атырау облысында жергілікті жер учаскелері мен елді мекендердің тұрғын алабын су басуына жол бермеу үшін Ақтау гарнизонынан Махамбет ауданына 300 теңіз жаяу әскері жіберілді.

Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің дизельді және бензин генераторларының көмегімен Ақмола облысы Жарқайың ауданы Далабай, Тассуат, Тасөткел ауылдарының және Есіл ауданы Заречное ауылының тұрғындары жарықпен қамтамасыз етілген.

Серіктес жаңалықтары