Зейнетақы тағайындау процесі өзгерді

21 қараша 2023 15:25 / Новости Казахстана

2024 жылдан бастап зейнетақы тағайындау процесі өзгертіліп, мүлдем жаңа форматта жүргізіледі, - деп хабарлайды Arbat.media.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин осылай деді.

"Цифрлық сервистер былтыр енгізілсе де халықтың үлкен сұранысына ие болып отыр. Әділет министрлігімен сенімхаттардың 5 пайызын цифрлық форматқа көшірдік. Бұл жұмыс жалғасуда. Автокөлікті тіркеудің 55 пайызы онлайн форматта жасалады. Бұл - Ішкі істер министрлігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының ортақ жұмысы. Ипотеканың 67 пайызы банктерде онлайн тіркеледі. «Электрондық үкімет» әр азаматты туған күнімен құттықтауды немесе құжаттардың мерзімі аяқталып қалғаны туралы алдын-ала хабарлауды үйренді», - деді министр.

Оның атап өтуінше, мұнымен шектелмей, басқа салалардағы сұранысқа ие қызметтерді де цифрландыру қолға алынған.

«Зейнетақы тағайындау процесі өзгертіліп, келесі жылы мүлдем жаңа форматта жүргізілмек. Сонымен қатар жұмысқа тұру кезінде талап етілетін 12 түрлі анықтамаларды жою, интернетке қосылу, декларация тапсыру, балабақшаға кезекке тұру сияқты жобалар әзірленіп жатыр. Жобаларды сапалы және уақытылы енгізуді мемлекеттік органдардан сұраймыз», - деді Бағдат Мусин.

Серіктес жаңалықтары