ДДҰ: Қытайда ерекше немесе жаңа инфекциялар жоқ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Қытайда респираторлы инфекцияларды жұқтыру жағдайларының күрт артуын күн райының салқындауымен және елде ковидке қарсы шектеулердің алынуымен байланыстырып отыр, - деп хабарлайды Arbat.media
Бұл туралы Еuronews жариялады.
Бұған дейін Қытайда микоплазмалық пневмония инфекциясы сияқты респираторлы аурулар көптеп таралып жатқанын жазған болатынбыз. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы толық ақпарат алу үшін Қытайға сұрау жіберген еді.
Бейжіңнен келген жауапқа сүйеніп ДДҰ мәлім еткендей, Қытайда «жаңа немесе өзгеше» респираторлы инфекциялар пайда болмаған.
Ұйымның хабарлауынша, алаңдауға әзірге себеп жоқ.
ДДҰ-ның Эпидемия мен пандемияларға дайындық және оларды болдырмау мәселелері жөніндегі уақытша директоры Мария Ван Керкховенің Euronews-ке берген сұхбатында атап өткендей, Қытайда негізінен мектеп оқушылары арасында респираторлы инфекцияға шалдығу жағдайлары айтарлықтай артқан. Бұл жағдай екі фактормен байланыстырылып отыр: күн райының салқындауы және елде коронавирусқа қарсы шектеулердің алынуы.
Қытайлықтар үшін бұл карантиндік шектеулерсіз алғашқы күз. Ел билігі өзгелерге қарағанда ковидтік шектеулерді ең кеш алып тастады – өткен жылдың желтоқсанынан бастап, 2023 жыл бойы кезең-кезеңімен. «Адамдар бетперделерді тастағаннан кейін әдеттегі маусымдық вирустарды көптеп жұқтыра бастаған», - дейді ДДҰ-дан.