ӘлемБүгін, 17:25

Колумбияда теракттан 14 бейбіт тұрғын ажал құшты

Колумбияда теракт салдарынан жолаушылар мінген автобус жарылды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Теракты бұрынғы FARC содырларынан құралған топ ұйымдастырған. Бұл — 31 мамырға жоспарланған президент сайлауы қарсаңында елдің оңтүстік-батысында болып жатқан шабуылдардың бірі.

Жарылғыш зат орнатылған автобус жексенбі, 26 сәуір күні Каука департаментіндегі панамерикалық тас жолда жарылған. Апаттан 14 адам қаза тауып, тағы 38 адам жараланған.

Департамент басшысы Октавио Гусман болған жағдайды «бейбіт тұрғындарға бағытталған бей-берекет шабуыл» деп атады. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың күші соншалық, адамдарды бірнеше метрге ұшырып жіберген.

Билік бұл теракт үшін жауапкершілікті «Хайме Мартинес» тобына жүктеді. Бұл топ — бір кездері бейбіт келісім аясында қару тастаудан бас тартқан Колумбияның «Революциялық қарулы күштері» (FARC) ұйымының бұрынғы содырларынан құралған.

Бұған дейін, 50 жылдан астам қарулы қақтығыстан кейін, FARC ұйымының негізгі бөлігі үкіметпен бейбіт келісімге қол қойып, қарусызданып, қызметін тоқтатқан еді. Алайда кейбір содырлар келіссөздерді басынан бастап қолдамай, бүгінгі күнге дейін елдің ауылдық аймақтарында қарулы күресті жалғастырып келеді.

БАҚ мәліметінше, соңғы екі күннің өзінде Колумбияның оңтүстік-батысында бейбіт тұрғындар зардап шеккен кемінде 26 оқиға тіркелген. Зорлық-зомбылықтың күшеюі сайлауалды науқанның соңғы кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Колумбиядағы президент сайлауы 31 мамырға жоспарланған.

Колумбия Теракт автобус Апат

Тақырыпқа жаңалықтар