Әлем17 мамыр 2024, 11:34

Палестинаны қолдаған студенттер наразылығы бүкіл Ұлыбританияны шарпыды

Ұлыбританияда ондаған ірі университеттің студенті Палестинаны қолдап, наразылық шараларын өткізіп жатыр. Олар оқу ғимараттарының алдына шатыр тігіп, Газадағы соғысты тоқтатуды талап етуде. Білім ордаларының басшылығы жастарды сотқа береміз деп сес көрсетуде, - деп хабарлайды Arbat.media.

Жағдайдың күрделенгені соншалық елдің премьер-министрі бірнеше оқу орнының басшылығын кездесуге шақырып, антисемитизммен күрес мәселесін пысықтады, деп жазады Kazinform.

Кембридж және Оксфорд сияқты әлемдегі ең беделді университеттердің студенттері білім алудың орнына көшеге шықты.

Оқу ғимараттарының жанында жастанып жатып алды. Жергілікті тұрғындар арасынан жанашырлар табылып, жастарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде.

Наразы топ жоғары оқу орындарының басшылығынан Израильмен қаржылық және кәсіби байланысы туралы ашық айтуды, сондай-ақ университеттерімен қарым-қатынасын қайта қарауды талап етеді.

«Халық аштықтың зардабын тартып жатыр. Дәл қазір Рафахтағы 600 000 баланың барлығы аш отыр — ЮНИСЕФ статистикасы осындай. Менің ойымша, жағдайды тек мойындай салу аздық етеді. Бұған қоса Ұлыбританияның Израильге әскери және қаржылық көмек көрсететінін білесіз. Осының барлығын тоқтатып, нақты әрекеттерге көшу қажет. Жағдай алаңдатарлық деп айтумен шектелу жеткіліксіз», — дейді Анна Серафидиу есімді студент.

Білім алушы жастардың дүмпуі бүкіл Ұлыбританияны шарпыды.

Лондон, Ньюкасл, Бристоль, Уорик, Лидс және басқа да қалалардың студенттері ғимарат алдындағы ашық алаңдарда жиналып, шатырлар құрды.

Белсенділерді қайырымдылық қорлары қолдап, қол ұшын созуда. Наразылардың арасында, тіпті, этникалық еврейлер де бар.

Студенттер өздерінің қауіпсіздігі үшін қорқады. Түсірілім кезінде беттерін жасырып, шын есімдерін айтпауға тырысуда.

«Біз бәріміз шындығында не болып жатқанынан хабардармыз. Жағдайға көз жұма қарағанымыз өз-өзімізді алдаусыратқанмен тең. Менің ойымша, билікте отырған адамдар, біздің үкіметтеріміз бәрін теріске шығарудың шебері болып алған. Біз Оңтүстік Африкада не болғанын көрдік, геноцидке ұшыраған басқа халықтар туралы да хабардармыз», — дейді есімін атамауымызды сұраған студент.

Студенттер талаптарымыз орындалмайынша лагерьлерді босатпаймыз деп отыр.

Жағдайдың шектен тыс шығып кеткені соншалық, үкімет басшысы Ұлыбританиядағы он жеті оқу орнының вице-канцлерлерін кездесуге шақырды.

Талқылаулардың негізгі тақырыбы антисемитизммен күрестің тиімді жолдары және еврей студенттердің қауіпсіздігі болды.

Риши Сунак сөз бостандығы дегеніміз басқаларды қорқытуға өкілеттік берумен пара пар емес деп мәлімдеді.

Ол жоғары оқу орындарының басшыларына жігерлік танытуға және наразылық білдірушілердің айтқанымен жүрмеуге кеңес берді.

«Университеттер кампустарда белең алған антисемитизм мәселесін жіті бақылауда ұстап отыр. Кездесуде біз маңызды шекараларды қалай қою керектігі туралы нақты нұсқаулықтар алдық. Халық наразылық білдірген кезде заңға қайшы әрекет етпесе дейміз», — дейді Сент-Эндрюс университетінің вице-канцлері Дэйм Салли Мэпстоун.

Кейбір сарапшылар кампустарда антисемитизм белең алды деген ақпаратты жоққа шығарды.

Олардың пікірінше, студенттер 60 жыл бұрын Вьетнам соғысы кезіндегідей өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіруде.

Израильдің саясатын мойындамай, Газа секторындағы әрекеттерін айыптап жатқан еврей студенттері көп дейді сарапшылар.

«Исламофобия Ұлыбританияда антисемитизмге қарағанда әлдеқайда үлкен проблема. Қазіргі үкіметтегілер соқыр сенімге сүйеніп, Израильді қолдайды және антисемитизмнің бояуын саяси мақсатта қоюландырып, асыра сілтеп отыр. Ереуілге шыққандардың арасында еврей студенттердің көп екендігін олар ескермейді», — дейді тарихшы Ави Шлаим.

Наразы студенттердің қозғалысы бүкіл Еуропаға тарады. Араларында полициямен қақтығысқа түсіп, қамауға алынғандар да бар.

Жақында Нидерланд елінде, Германия, Франция, Швейцария және Австрияда жаңа шерулер легі басталды.

АҚШ кампустарындағы ереуілдерді қайталаған студенттер дәріс залының есіктерін іштен жауып алып, шықпай қойды.

Университет мүлігіне зиян келтіріп, сабақтардың өтуіне кедергі жасағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Ұлыбритания палестинаны қолдау

Тақырыпқа жаңалықтар