3 мұғалімді өлтірген ер адамға үкім шықты

Қостанай облысында жол апатынан үш мұғалімнің қаза болуына байланысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arbat.Media.

Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, абайсызда үш адамның өліміне және адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соғуы бойынша Түркістан облысының тұрғыны Р.-ға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі).

2024 жылдың 16 желтоқсанында "Қостанай-Әулиекөл-Сұрған" автожолында сотталушы Р. "VOLVO FH12" маркалы автокөлігімен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Қостанай бағытында келе жатқан жүргізуші С. басқарған "TOYOTA ALFARD" маркалы автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан "TOYOTA ALFARD" автокөлігінің үш жолаушысы оқиға орнында алған дене жарақаттарынан көз жұмды. Ал жүргізуші С. және екі жолаушы, оның ішінде біреуі кәмелетке толмаған бала, түрлі дене жарақаттарын алған.

Мемлекеттік айыптаушы соттан сотталушыға жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеумен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыруды сұрады.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындады.

Жәбірленуші тарап ең қатаң жазаны тағайындауды сұрады.

Жаза бойынша:

Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, жәбірленушілердің, куәгерлер мен сарапшының айғақтарымен, сондай-ақ сот сараптамаларының қорытындыларымен және тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен дәлелденді. Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның шын ниетпен өкінуін және оның тәрбиесінде үш жас баласының болуын таныды.

Іс бойынша қылмыстық жауапкершілікті және жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

"Сот сотталушының жеке басын, жасалған іс-әрекеттің сипатын және қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып, Р-ға жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтеумен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, сондай-ақ 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды", - делінген хабарламада.

сот Қостанай Мұғалім Қаза

Тақырыпқа жаңалықтар