9 жыл бұрын жоғалған 1,5 жастағы қыз әлі табылмады: туыстары анасын күдіктенеді
Семейде тоғыз жыл бұрын жоғалып кеткен бір жарым жастағы Айшаның тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Қыздың туыстары істі қайта тергеуді және баланың жоғалуына кінәлі адамды анықтауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Arbat.Media.
Туыстарының айтуынша, 2016 жылы отбасындағы жанжалдан кейін Айшаның анасы қызын түнде Ертіс өзеніне ағызып жібергенін күйеуіне айтқан. Мұны естіген әкесі өзен бойын іздеп, баланың тек күртешесін тапқан.
Алайда туыстары қыздың өзенге кеткеніне күмән келтіреді. Олар Айшаны анасы басқа адамдарға сатып жіберуі немесе біреуге беріп жіберуі мүмкін деп санайды.
«Баланы Ертіске ағызып жібердім деген. Бауырым өзенге барып іздеді, бірақ баланың тек күртешесін тапты. Біз қызды сатып жіберді ме, әлде біреуге берді ме деп ойлаймыз», – деді Айшаның әпкесі Зарина Серікболсын.
Қыздың әкесі де баласын таба алмай, ауыр күйзеліске түскен. Кейін ол өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Ал Айшаның анасы кейін басқа отбасын құрған.