Алматы облысында тау баурайындағы коттедж қалашығында топырақ опырылып түсті

Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы коттедж қалашығында тау баурайынан топырақ массасы опырылып, салдарынан жеке тұрғын үй аумағында тұрған автокөлік пен қалқаға зақым келген, деп хабарлайды Arbat.Media.

7-8 ақпан аралығында қар түріндегі жауын-шашынмен қатар жүрген тұрақсыз ауа райы салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, тау баурайынан топырақ массасы өздігінен сырғыған.

"Жеке тұрғын үй аумағындағы қалқа пен жеңіл автокөлік зақымданды. Тұрғын үйлерге және олардың көтергіш конструкцияларына зақым келген жоқ.

Зардап шеккендер мен адам шығыны жоқ. Жағдай Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында", - делінген ТЖД хабарламасында.

ТЖД дерегіне сай, қазіргі таңда оқиға орнында облыстық департамент басшылығы мен жедел қызметтер жұмыс істеуде. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және аумақты жарықтандыру үшін жарық мұнарасы орнатылған.

"Жақын маңдағы үйлердің тұрғындарымен қауіпсіздік шараларын сақтау және ықтимал қайталанатын табиғи құбылыстар кезінде әрекет ету бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Салдарын жою жұмыстарына Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, полиция департаментінің және ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" қызметінің шамамен 20 жеке құрамы мен 9 бірлік техникасы жұмылдырылды", - деді ведомство өкілдері.

Алматы облыс бесағаш топырақ

Тақырыпқа жаңалықтар