Ақмола облысында ер адам түрмедегі тегін тамақ пен киімді көздеп қылмыс жасаған
Ақмола облысында терроризм актісі туралы жалған хабар берген адам сотталды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Аршалы аудандық сотында М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот мәліметінше, М. 2019 және 2023 жылдары терроризм актісі туралы жалған хабар бергені үшін екі рет сотталған. 2025 жылғы тамызда мал бақташы болып жұмыс істейтін ол осыған ұқсас қылмысты тағы да қайталаған.
112 нөміріне қоңырау шалып, Астана қаласындағы автовокзалда жарылғыш зат қойылғанын айтқан. Оқиға орнына уәкілетті қызметкерлер жіберіліп, тексеріс барысында террористік акт туралы ақпарат расталмаған.
Сотта М. кінәсін мойындаған. Оның сөзінше, қазір тұрақты тұратын жері болмауына байланысты бас бостандығынан айырылғандарға арналған мекемеде тегін тамақ пен киім болатынын көздеп, осындай қадамға барған.
Сот үкімімен М.-ға 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол қатаң режимдегі колонияда жазасын өтейді.