Ақтөбеде пышақ жарақатынан қаза болған жасөспірімнің жақындары үндеу жасады
Үндеу авторлары әділ тергеуді, жанжалға қатысы бар барлық тұлғаны жауапкершілікке тартуды талап етті, деп хабарлайды Arbat.Media.
20 наурызда Ақтөбе облысы Шалқар қаласында түнде жастар арасында ірі төбелес болған. Желідегі ақпаратқа қарағанда, жанжал кезінде пышақ және қару пайдаланылған болуы мүмкін, дегенмен ақпарат ресми түрде расталмады. Төбелестің салдарынан 17 жастағы жасөспірім Әлихан Жәнібек қаза болды.
Полиция "жанжалға қатысы бар барлық тұлға анықталып, заңнамаға сәйкес, құқықтық баға беріледі" дейді.
21 наурыз күнгі үндеуде жасөспірімнің туыстары 17 жастағы Әлихан Жәнібекұлының Шалқарда бұрыннан бар жастар арасындағы жікшілдіктің құрбаны болғаны жазылған.
"Жасөспірімдердің аудан-ауданға бөлініп, топтасып төбелесуі Шалқарда көп жылдан бері жойылмай, тыйылмай келе жатқан проблема. Бірақ осы кезге дейін қаншама бала қаза тапса да, топтасып төбелесуге тыйым болмай тұр" деп жазды үндеу авторлары.