Қазақстан жаңалықтары15 қараша 2023, 17:33

Депутат Бишімбаевқа қатаң жаза қолдануды талап етті

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында өз әйелін өлтірді деген күдікке ілінген экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевқа қатаң жаза қолдануды талап етті, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Жемқорлық үшін сотталып, артынан рақымшылыққа ие болған экс-шенеунік өз әйелін өлтірді деген күдік пен жантүршігерлік ашық ақпараттан қоғам дүрбелеңге түсті. Отбасылық зорлық-зомбылық, қатыгездік, патриархалдық озбырлыққа шыдамаған әйелдердің жан даусын еститін және қатаң шара қабылдайтын уақыт жетті», - деді ол.

Депутат әйел мен балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерге аяушылық танытуға болмайтынын еске салды. 

«Ешкімнің әйел адамдарды қорлап, өлтіруге хақысы жоқ. Қылмыскерге қатаң жаза берілуін талап етеміз», - деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ ол заңнамадағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алатын, қатаң шаралар қабылдайтын жауапты мемлекеттік органды бекітетін уақыт жеткенін айтты.

«Үкіметтен әйелдер қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ажырасқан әйелдерге алиментті уақтылы төлеуге бағытталған нақты механизмдерді айқындайтын мемлекеттік саясатты бекітуді сұраймыз. Отбасылық зорлық-зомбылықты алдын алу мен криминалдандыру мәселелерін қарастыра отырып әзірленген, әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне арналған заң тұжырымдамасын Мәжіліске тез арада енгізуді сұраймыз», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутат келтірген дерекке сүйенсек, 2021 жылы үйдегі зорлық-зомбылықтың тек 40 пайызы сотқа жеткен. 

Бишімбаев ісі қатаң бақылау Жұлдыз Сүлейменова депутат

Тақырыпқа жаңалықтар