Экс-қорғаныс министрінің ұсталғаны туралы қауесетке қатысты қылмыстық іс қозғалды
Бұрынғы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың ұсталғаны туралы жалған ақпараттың таралуына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бұған дейін желіде экс-қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың ұсталғаны туралы қауесет таралған, кейін ақпарат жалған екені белгілі болды.
Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Ақпараттық сұрауда көрсетілген тұлғаның ұсталуы туралы БАҚ-та көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша Астана қаласының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 274-бабының 2-бөлігі (Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр", - деп хабарлады полиция өкілдері.
Ведомстводағылар сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін қоса кетті.
Еске сала кетейік, бұған дейін БАҚ-та бұрынғы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың қамауға алынғаны туралы ақпарат жарияланды. Кейін экс-министрдің өзі қауесетті жоққа шығарды. Бас прокуратура да бұрынғы министрге қатысты "қылмыстық іс қозғалды" деген ақпаратты растаған жоқ.