inDrive басшысы Михаил Шайдоровтың әкесіне көлік сыйламақ
Қазақстандық кәсіпкер Арсен Томский Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесіне автокөлік сыйлайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Кәсіпкер бұл туралы Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазып, қазақстандық спортшының жеңісін жоғары бағалаған.
Оның айтуынша, ол чемпионның әкесі Станислав Александровичке Audi Q8 автокөлігін тарту етпек. Қазіргі уақытта көлік Audi Almaty орталығында иесін күтіп тұр.
«Михаилға осы қуаныш пен мақтаныш сезімі үшін рахмет. Бұл – шабыт беретін, ерекше стильдегі алтын жеңіс. Осы табыстың бастауында тұрған адамға алғыс ретінде сый жасағым келеді. Мен Audi Q8 көлігін чемпионның әкесіне тарту етемін», – деді Томский.
Сондай-ақ кәсіпкер Шайдоровтың әкесі ұлының арманы үшін кезінде өз көлігін сатып жібергенін еске салды.
Айта кетейік, Станислав Александрович Михаилдың алғашқы бапкері болған.
«Бір кездері ол ұлының арманы үшін өз көлігін сатты. Бүгін сол арман алтынға айналды. Енді бұл көлік – ортақ ризашылығымыздың символы болсын», – деп жазды кәсіпкер.