Келес өзеніне ағып кеткен баланың анасының хаты жүректі тебірентті

Түркістан облысында Келес өзеніне ағып кеткен 8 жасар Жаннұрдың тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Баланың анасының жан тебірентерлік хатын журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Arbat.Media.

Қайғылы оқиға 2026 жылдың 23 наурызында болған. Сол күні бала Келес өзеніне ағып кетіп, оны іздеу жұмыстары басталған. Алайда араға бірнеше ай өтсе де, Жаннұрдың денесі табылмаған.

Жақында баланың анасына ұлының суреті берілген. Жаннұрдың суреті мектептегі үздіктер тақтасына ілінген екен. Баласының бейнесін қолына алған ана үшін бұл сәт ауыр тиген.

«Суреті бар, өзі жоқ. Қайдан бардың сол Келеске, балам? Неге ердің біреудің баласына? Сол күні сені үйден неге шығардым екен? Кешір мені, ұлым, сені қорғай алмадым. Маған сенсіз өте ауыр. Сенсіз өмір сүру өте қиын. Сағындым сені, Жаннұрым», – деп жазған анасы.

Журналист Гүлмира Әбіқай да бұл хаттың өзіне қатты әсер еткенін айтты. Оның сөзінше, баланың жоғалғанына бірнеше ай өтсе де, отбасы әлі күнге дейін нақты жауап күтіп отыр.

«Өмірдегі ең қиыны – белгісіздік», – деп жазды журналист.

Қазір Жаннұрдың қайда екені белгісіз. Оның отбасы баланың тағдырына қатысты қандай да бір ақпараттан үміт үзбей отыр.

Келес Журналист Қайғылы оқиға Хат

Тақырыпқа жаңалықтар