Кентаудағы көп қабатты үйлердің тұрғындарына жеңілдік жасалады
Кентаудағы көп қабатты үй тұрғындарының жылу мен жарық төлемдеріне жеңілдік жасалады. Бұл туралы жергілікті тұрғындармен кездескен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов мәлімдеді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
№5 жылу энерго орталығы тарапынан берілетін жылу мен электр энергиясының тарифтеріне қатысты мәселелер талқыланған жиынға «Оңтүстік Жарық» ЖШС, «Энергопоток» ЖШС, Түркістан облыстық табиғи монополиялар реттеу департаментінің өкілдері, сала басшылары қатысты.
Қала әкімі Жандос Тасов жылу орталығында жүріп жатқан құрылыс жұмыстары жайында баяндады. Сондай-ақ, Кентау қаласындағы №5 Жылу энерго орталығының қазандықтарын қайта құру жұмыстарына бөлінген қаржы бойынша ақпарат көздерінде түрлі «жалған ақпарат» тарап жүргенін атап өтті.
«Кентау қаласы №5 Жылу энерго орталығының жалпы 6 қазандығын қайта құруға 13,7 млрд. теңгеге жоба әзірленіп, 2024 жылдың қаңтар айында облыстық бюджеттен 2,7 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға №8 және №11 қазандықтарында қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр»-деді қала әкімі.
Сондай-ақ, Жандос Тасов желтоқсан айында жылу энерго орталықта болған апат салдарынан бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйелерінде ақаулар пайда болғанын жеткізді. Сол себепті, қыс мезгілінің үш айындағы жылу төлемдерінен 10-12 күннен жеңілдік жасалатынын түсіндірді.
Одан бөлек, орын алған төтенше жағдайға байланысты, қала тұрғындарының және әкімдіктің ұсынысымен, «Энергопоток» ЖШС тарапынан желтоқсан айында тұтынушылардын 70 кВт алынып, шегерілді. Қантар айында төлемдері 20 мың теңгеден асқан тұтынушыларға 100 кВт жеңілдік қарастырылды. Сонымен қатар, сараланған тарифпен есептелген төлемдерді орташа тарифпен қайта төмендету жағына қайта есептер жүргізілді. Ақпан айыннан бастап көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарына сараланған тарифтің 1 адамға шекті лимиті 70 кВт-тан 110 кВт-қа көтерілгені айтылды.
Кездесуде өзге де мәселелер көтеріліп, бақылауға алынды. Тұрғындар тарапынан электр энергиясына қатысты «Оңтүстік Жарық» ЖШС, «Энергопоток» ЖШС, Түркістан облыстық табиғи монополиялар реттеу департаментінің өкілдеріне бірқатар сауалдар қойылды.
Сонымен қатар биыл Кентау қаласында жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар таныстырылды. Атап айтар болсақ, 2024-2025 жылғы жылыту маусымында тұрғындарды сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында 4 қазандықты қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Қосымша 14,5 шақырым магистралды жылу құбырын және 81 шақырым ішкі орам жүйелерін ауыстыру жұмыстары атқарылады.