«Көшпенділер даласы»: Халықаралық көрмеде тазылар таныстырылды
Фото: Александр Павский/ Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары30 қыркүйек 2024, 16:00

«Көшпенділер даласы»: Халықаралық көрмеде тазылар таныстырылды

Алматыда қазақ тазысының және өзге де ит тұқымдарының қатысуымен «Көшпенділер даласы» атты көрме өтіп жатыр. Іс-шараны «Аврора» кинологиялық клубы ұйымдастырып отыр. Халықаралық көрмеге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден барлығы 500-ден астам ит әкелінген, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады. 

Көрмеде 50-ден астам ит, оның ішінде қазақ тазылары асыл тұқымды иттердің ресми стандартына сәйкес бағаланып, ұлттық және халықаралық чемпиондық атақты сарапқа салады. Оған Нидерланд, Словакия, Грекия және Қытайдан келген халықаралық сарапшылар төрелік етеді.

— 28-29 қыркүйек күндері Алматыда үш іс-шара өтіп жатыр. Олар: ұлттық көрме, халықаралық көрме және монотұқымды тазыға арналған арнайы көрме. Монотұқымды көрмеге 30-дан астам тазы қатысып отыр. Бұл тарихи оқиға. Себебі тазыны әлемдік деңгейде мойындағанға дейін біздің иттеріміз мойындалмаған топтың ішінде өнер көрсететін. Бүгін өзіне ұқсас мойындалға иттердің арасында сайысқа түседі, — деді Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.

ҚР Президенті Іс басқармасының өкілі Қайсар Жұмабайұлы алдағы 10 жылда тазылардың санын көбейту және халықаралық аренада таныту бойынша жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

— Президентіміздің тапсырмасымен соңғы 2 жылда айтарлықтай жұмыс атқарылды. Халықаралық кинологиялық федерация қазақ тазысын ресми түрде ит тұқымы деп алдын ала тану туралы шешім қабылдады Енді алдағы 10 жылда біраз еңбек ету керек. Халықаралық кинологиялық федерацияның талабына сәйкес асыл тұқымды тазылардың санын көбейту, халықаралық іс-шараларға жиі қатысып, оларды елімізде өткізу қажет. Сонда толықтай мойындалып, әлемге дәрежеге көтерілеміз деп сенемін, — деді Қайсар Жұмабайұлы.

Халықаралық көрмеге көп жылдан бері тазы асыраумен айналысатын отбасылар да қатысты. Олардың бірі — Ернар Мүтекеевтің отбасы. Итбегінің айтуынша, жеті қазынаның біріне жататын жануарды өсірумен айналысқанына 15 жылдан асқан. Ол осы жылдардың ішінде қазақы тазының адалдығы мен ақылдылығына тәнті болған.

Алматыда тұрамыз. Қазіргі уақытта ересек 12 тазы және 5 күшігіміз бар. Тазының мінезі жақсы, адамға жақын, иесіне адал болады. Аңшылыққа жаралған ит, өте жылдам келеді. Жетісіне бір рет тазыларымызбен аңға шығып тұрамыз, — деді Ернар Мүтекеев.

Көрменің тағы бір қатысушысы Меруерт Есенова Ақсауыт есімді тазыны баптап жүргеніне 2 жыл болғанын айтты. Оның сөзінше, иттің бұл тұқымын жиі жүгіртіп тұру қажет.

Еске салайық, Халықаралық кинологиялық федерацияның Бас комитеті қазақ тазысын ресми түрде ит тұқымы деп әдепкі (алдын ала) тану туралы шешім қабылдады.

 

Көшпенділер даласы Алматы халықаралық көрме тазылар

Тақырыпқа жаңалықтар