МӘМС жүйесіндегі шикілік: Түркістан облысындағы былықтар ашылды
Түркістан облысындағы мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қаражатты заңсыз алғаны белгілі болды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бас прокуратура лицензиясыз консультациялық-диагностикалық қызметтерді сапасыз көрсеткендерді анықталы.
Мысалы, облыстағы жекеменшік клиникалардың бірінде рұқсат құжаттарынсыз 20-ға жуық маман қызмет көрсеткен. Олардың атынан 28 мыңнан астам консультация көрсетіліп, 91 млн теңге көлемінде қаражат алынған.
Тергеу нәтижесінде келтірілген залал толық өтелуіне байланысты іс тоқтатылды.
Сонымен қатар, 203 млн теңге көлемінде стоматологиялық қызмет жалған көрсетілген.
Екі аффилирленген клиника өздеріне үш дәрігерді рәсімдеп, электрондық төлем жүйесіне жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілгендей етіп 40 мың жалған стоматологиялық қызмет енгізген.
Тексеру барысында бір стоматологтың бір күнде әртүрлі клиникаларда бір мезгілде ондаған науқасқа «қызмет көрсеткені» анықталды.
Тергеп-тексеру жүргізіліп, материалдар сотқа жолданды.