Қазақстан жаңалықтары26 қазан 2023, 18:00

Мас күйде рульге отырған ақтөбелік экс-депутатқа сот қаулысы шықты

Ақтөбе мәслихатының экс-депутаты Сания Мұратова ақыры сотқа қатыспады. Сот 15 тәулікке қамауға алу және жүргізуші куәлігінен 7 жылға айыру қаулысын сырттай шығарды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ақтөбе қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты рульге мас күйінде отырғаны үшін сот алдына келіп, жауап беруі тиіс болатын. Алайда 5 қыркүйекте толтырылған хаттамаға қаулы шығару бүгінге дейін созылып келді. Әзірге оның нақты себебін ешкім білмейді. Сотқа өзі де, қорғаушысы да қатыспады, қандай да бір себебі бар-жоғын айтпады. Судья Қайыржан Алашұлы хаттама толтырған полиция қызметкерінен сұраған кезде ол үйіне барғанын, алайда таппағанын айтты. Сот отырысы кезінде Ақтөбе қаласының прокуроры Даулет Тулеуф 15 тәулікке қамауға алуды сұрады.

«ӘҚБтК 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оны 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алып және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруды сұраймын», - деді Даулет Тулеуф. Кейін судья Қайыржан Алашұлы қаулыны оқыды.

- Сания Мұратованың кінәсі хаттамамен, медициналық сараптама қорытындысымен, бейнежазбамен толық дәлелденді. Осы баптың санкциясына сәйкес Сания Мұратованы 15 тәулікке қамаққа алу және жүргізу куәлігінен 7 жылға айыру туралы қаулы шықты. Қаулы дереу орындауға жатады. Әкімшілік қамаққа алу мерзімі Ақтөбе облыстық ПД жүктелсін, - деді судья Қайыржан Алашұлы.

Сот та, прокурор да сот отырысына қатыспай қалған Сания Мұратованың ісі туралы қандай да пікір айтудан бас тартты.

Мас күйде рульге отырған Ақтөбе экс-депутат Сания Мұратова

Тақырыпқа жаңалықтар