«Niko_nett, Қайсар Қамза, Baller, Ринат Шамшырақ»: Елімізде онлайн-ойындарды жарнамалап жүргендер кім?
ҚМА жыл басынан бері 34 блогердің онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Олардың ішінде. Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев, Айтмаханов Тәуіржан, Тұрғанов Наиль, Диляра Аманқосқызы және басқалар бар. Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 23 контент жасаушыға қатысты материалдар Мәдениет министрлігіне шара қабылдау үшін жолданды. Көпшілігі заңды бір реттік емес, жүйелі түрде бұзады. Мәселен, хип-хоп орындаушы «Baller» (шын аты – Шыңғысхан Көпбаев) жыл басынан бері аталған бап бойынша бес рет жауапқа тартылды. 600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшыраққа қатысты да онлайн-казино жарнамалағаны үшін әкімшілік іс қозғалған.
“Сонымен қатар блогер «Niko_nett» пен инфлюенсер Қайсар Қамза да ерекше назарда. Соңғысы өзінің телеграм-арнасында заңсыз ойындарды үнемі насихаттап, жалған жеңімпаздардың видеоларын жариялап келеді”, - деп хабарлады ҚМА.
Сол сияқты, Наиль Тұрғанов онлайн-казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам қаржы алған. Ал Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») әлеуметтік желілерінде азаматтарды заңсыз ойындарға тарту мақсатында агрессивті науқан жүргізіп, жарнама үшін 15,8 млн теңге алып, оның жартысына жуығын сол платформалардың өзінде ойнап ұтылып қалған.
Мариям Құлжабаева («@oomariko») интернет-казинода тіркелуге шақырған қарапайым стористерін небары 350 мың теңгеге бағалаған. Ал оның құрбаны болған отбасылар миллиондаған қаржысынан айырылып жатыр. Оған қоса, Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да блогерлердің аты белгілі.