Өртке қарсы шараларды баяу жүргізіп жатқан өңірлер
Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов өртке қарсы шараларды баяу жүргізіп жатқан өңірлерді атады. Премьер-министр мамыр айындағы Үкімет отырысында әкімдіктерге өртке қарсы барлық қажетті дайындық шараларын жүргізуді тапсырғанын еске салды, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Алайда, кейбір облыстарда аталған жұмыс өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Мәселен, Абай, Жетісу, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында су көздерінің түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген жоқ. Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында отын қорымен қамтамасыз ету мәселелері толық шешілмей отыр. Қостанай облысында өрттің алдын алу және сөндіру жөніндегі тиісті жедел штаб уақтылы құрылмаған. Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында өртке қарсы жер жырту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Онсыз дала немесе орман өрттерін ауыздықтау қиын болады», — деді Үкімет басшысы, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Оның атап өтуінше, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарын қураған өсімдіктер мен қоқыстардан тазарту жұмыстары әлі аяқталмаған.
«Өңір әкімдері осы мәселелермен тікелей айналысуы қажет», — деді Олжас Бектенов.