Павлодарда балаларды басынан кастрюльмен ұрған тәрбиешіге қылмыстық іс қозғалды
Балабақша қызметкері 1-2 жасар тілі шықпаған бүлдіршіндерді басынан кастрюльмен ұрған. Ата-аналар бұл жайтты бейнебақылау камерасын қарау барысында білген, - деп хабарлайды Arbat.media.
Әлеуметтік желіде Павлодар қаласындағы № 16 балабақша тәрбиеленушілерінің ата-анасы мекемеге шағымданып, жазба жариялады, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Биылғы 3-4 маусым күндері түсірілген бейнежазбада тәрбиешінің кішкентай балаларды басынан кастрюльмен ұрып жүргені түсіп қалған.
«Ата-аналар полицияға жүгінді. Тәрбиешіге кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін орындамағанына байланысты қылмыстық іс қозғалды, оның қорытындысы бойынша процесуалдық шешім қабылданады», — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.
Павлодар қаласы білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемеде қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Тәрбиеші барлық жайт анықталғанша қызметінен шеттетілген.