Қазақстан жаңалықтары16 ақпан 2024, 15:00

Қазақстанда ақылы жолдардың тарифі қымбаттайды

Елімізде ақылы жолдардың тарифтері өседі. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Министрдің айтуынша, ақылы жолдардың тарифтерін 2-3 есеге көтеру ұсынылды.

«Бұған дейін тарифтердің бағасын 2-3 есе көтеру ұсынылған еді. Біздің мамандар жолға қажет техниканы сатып алудан бөлек, жолдарды күтіп ұстауға қанша қаражат кететінін есептеуі керек», деді Марат Қарабаев.

Осы тұста ведомство басшысы ақылы жолдардың тарифтері халықпен талқыланатынын алға тартты. Аталған талқылаулар осы жылдың наурыз айында басталады деп жоспарланып отыр.

Марат Қарабаевтың айтуынша, жолдардың тарифі 11 жыл бойы өзгермеген.

«Тарифті көтеруді жоспарлап отырмыз. Неге екенін түсіндіріп кетейін. 2013 жылдан бері тариф 11 жыл бойы өзгермеген, былтыр 20 пайызға өскен. Мәселен, біздің тарифтерімізді Ресеймен салыстырып көрейік, егер Қазақстанда тариф 1 теңге 20 тиын болса, Ресейде ұлттық валютамызға аударғанда - 7 теңге. Жолдар сапалы болуы үшін арнайы техникалық қызмет көрсету, жөндеу керек. Халық бұл шығындар салық төлеушілер есебінен болғанын қаламайды. Жалғыз нұсқа - тарифтерді көтеру», деп түсіндірді министр.

ҚР Көлік министрі ақылы жолдар қымбаттау

Тақырыпқа жаңалықтар